Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Киевке шақырамын…»: Зеленский Путинмен келіссөз жүргізу шарттарын айтты

21:04, 30 қаңтар 2026

Украина Президенті Владимир Зеленский БАҚ өкілдерімен кездесуінде Мәскеудің келіссөздер өткізу туралы ұсыныстарына қатысты өз ұстанымын қатаң білдірді, деп хабарлайды Alash.kz. 

Украина басшысы Ресей астанасына барудан үзілді-кесілді бас тартып, мұндай шақыруларды соғысты аяқтауға деген шынайы талпыныстың жоқтығы деп бағалады. Ол кездесу орны ретінде Киевті ұсынып, Владимир Путин батылы жетсе, Украинаға келе алатынын жеткізді.

Кездесу форматы мен орны туралы Владимир Зеленский былай деді:

«Менің Мәскеуде Путинмен кездесуім, әрине, мүмкін емес. Бұл Путиннің Киевте кездесуімен бірдей. Мен де оны Киевке шақыра аламын, келсін. Егер ол батылы жетсе, оны ашық түрде шақырамын».

Келіссөздер жүргізу алаңы ретінде Беларусь аумағы да қарастырылмайды. Президент бұл шешімін бір елдің тікелей агрессор, ал екіншісінің соғыстағы серіктес екендігімен түсіндірді. Сонымен қатар Зеленский энергетикалық нысандарға соққы бермеу мәселесіне тоқталып, бұл бағытта Ресеймен тікелей келісімнің болмағанын, тек АҚШ тарапынан жасалған бастаманы қолдайтынын айтты.

Аумақтық мәселелерге қатысты Украина Президенті өз ұстанымын келесідей нақтылады:

«Біз Украинаға қойылатын қатаң талаптарды ымыра деп санамаймыз. Бұл - елдің аумақтық тұтастығын өзгерту. Ең аз проблемалы шешім - қай жерде тұрсақ, сонда қаламыз».

Сұхбат барысында Зеленский 1 ақпанда Абу-Дабиде жоспарланған келіссөздердің уақыты өзгеруі мүмкін екенін де атап өтті. Оның пікірінше, АҚШ пен Иран арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуі халықаралық дипломатиялық кестеге тікелей әсер етуі ықтимал.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар