Елена Рыбакина Australian Open 2026 турнирінің финалына шығуының арқасында әлемдік рейтингте айтарлықтай ілгеріледі. Қазақстандық теннисші бұған дейін бесінші сатыда тұрса, енді WTA рейтингінің үшінші жолына көтерілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Мельбурнде өткен жартылай финалдық кездесуде Рыбакина америкалық Джессика Пегуланы екі сетте 6:3, 7:6 (9:7) есебімен жеңіп, турнирдің шешуші кезеңіне жолдама алды. Осы жеңіс оған әлемнің үздік үш теннисшісінің қатарына енуге мүмкіндік берді.
31 қаңтарда өтетін финалда отандасымыз рейтинг көшбасшысы Арина Соболенкомен чемпиондық атақ үшін кездеседі. Айта кетерлігі, үшінші орын - Рыбакинаның спорттық мансабындағы ең жоғары көрсеткіш. WTA ақпарат көздерінің хабарлауынша, финалдық матчтың нәтижесіне қарамастан, ол әлемнің үшінші ракеткасы мәртебесін сақтап қалады.