Жаңаөзен қаласында ауруханада пышақ жарақатынан қайтыс болған 29 жастағы терапевт-дәрігер жайлы жаңа дерек шықты, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Жаңаөзен қалалық ауруханасы таратқан мәлімет бойынша, марқұм дәрігердің аты-жөні - Аманғалиев Нұрдәулет Құрманғазыұлы.
1996 жылдың 13 тамызында Жаңаөзенде дүниеге келген. №9 мектептің түлегі 2012-2016 жылдар аралығында Маңғыстау облыстық жоғары медициналық колледжінде фельдшер мамандығын оқыған.
2017-2022 жылдары мемлекеттік грантпен Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінде «Жалпы медицина» мамандығын меңгерген. Ал 2022-2024 жылдары осы білім ордасында интернатураны оқып бітірген.
Еңбек жолын 2024 жылы Жаңаөзен қалалық №2 емханасында бастаған. Жаңаөзен көпбейінді ауруханасында қызмет еткеніне 1 жылдан аса уақыт болған.
Полицияның хабарлауынша, қылмысқа тұрмыстық жанжал себеп болған. Яғни, дәрігердің кәсіби міндетімен байланысты емес. Терапевті пышақтаған күдікті полицияға өзі барып берілген. Ал, көп қан жоғалтқан Нұрдәулет Аманғалиевті әріптестері аман алып қала алмады.
«Дәрігерге жедел түрде ота жасалды. Операцияны Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасынан санавициямен лор дәрігер, реаниматолог, қан-тамыр хирургы шұғыл келіп жүзеге асырды. Бірнеше сағат өмір мен өлім арасында күрес болды. Алайда қанның көп жоғалуына байланысты әріптесімізден айырылып қалдық, - деді аурухана директорының міндетін атқарушы Марат Қайырғалиұлы.