«Nursultan Nazarbayev Educational Foundation» (NNEF) қоғамдық қоры Алматы қаласындағы Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) орналасқан тарихи ғимаратты мемлекет меншігіне өткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қор бұл нысанды өз еркімен және ешқандай өтеусіз қайтарған. Дегенмен ғимарат мемлекетке өткенімен, университеттің өзіне тиесілі акциялар пакеті әлі де қордың иелігінде қала береді. Қазіргі таңда оқу орнының 100 пайыз акциясы аталған қорға тиесілі, ал оның құрылтайшылары ретінде Динара Құлыбаева мен Галина Самарская көрсетілген.
Қор өкілдері ғимараттың алдағы тағдырына қатысты мынадай мәлімет таратты:
«Қазір Қор Алматы қаласы әкімдігімен ғимаратты университетке сенімгерлік басқаруға беру туралы келіссөзді жалғастырып жатыр».
Осылайша, ғимарат заңды түрде мемлекетке тиесілі болғанымен, университеттің білім беру процесін үзіліссіз жалғастыруы үшін оны қайтадан сенімгерлік басқаруға алу мәселесі қарастырылуда.