Жетісу облысының Баласаз ауылында күйеуінің қолынан қаза тапқан Айзат Жұманованың туыстары сот үкіміне наразылық білдіріп, әділдік талап етуде, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот марқұмның күйеуі Жанболат Айбарды кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда марқұмның жақындары бұл жазаның тым жеңіл екенін айтып, істі «аса қатігездікпен кісі өлтіру» бабы бойынша қайта қарауды сұрап отыр.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, сараптама нәтижелерінде көрсетілген жарақаттар қылмыстың қаншалықты аяусыз болғанын дәлелдейді. Осыған байланысты марқұмның ата-анасы мен туыстары ел Президентіне үндеу жолдап, істі бақылауға алуды өтінді.
Марқұмның туысы Раушан Дәуренбекова тергеу мен сот барысындағы олқылықтарды былай деп атап көрсетті:
«Өкінішке қарай, тергеу кезінде ештеңе анықталмады, сот барысында да беттестіру жүргізілмеді, куәгерлердің жауаптары қарама-қайшы болды. Куә мен бейнетаспа болмады деген сылтаумен «Бұл жерде аса қатігездікті көрмедік», деп болжам жасағаны дұрыс емес. Сараптама қорытындысында көрсетілген жарақаттар назардан тыс қалды. Сол себептен сізден осы істі назарға алуыңызды сұраймыз».
Отбасының мүддесін қорғайтын адвокат Арман Шәріпов те полиция мен прокуратураның позициясына наразылық білдірді. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары істегі маңызды белгілерді елеусіз қалдырған.
Адвокат Арман Шәріпов жағдайды келесідей түсіндірді:
«Біз тергеу басталғаннан бері және сот барысында бірнеше рет аса қатігездік белгілеріне нұсқадық. Бірақ полиция мен прокуратура бұл уәждерді ескермеді. Олар мұны көрді ме, әлде елеусіз қалдырды ма? Біз үшін түсініксіз болып қалды».
Қазіргі уақытта қорғаушы тарап сот үкіміне қатысты апелляциялық шағым түсірді. Жәбірленуші тарап істің Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігі бойынша қайта саралануын күтеді.