Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Сау тамтығы жоқ. Ұрған, ісініп кеткен…»: Аягөздегі офицер қазасына қатысты жақындары әділдік сұрады (ВИДЕО)

14:39, 30 қаңтар 2026

2022 жылдың шілде айында Аягөздегі әскери бөлімде қаза тапқан капитан Бақытжан Әріпжановтың туыстары офицердің өліміне қатысты ресми нұсқамен келіспей отыр, деп жазады Alash.kz.

Ресми мәлімет бойынша, әскери қызметші кезекшілік кезінде басына оқ атып, өзіне-өзі қол жұмсаған. Алайда марқұмның жақындары бұл оқиғаның артында кісі өлтіру қылмысы тұрғанына сенімді. Оқиғаның мән-жайына сүйенсек, Бақытжан Әріпжановтың әскери салада 10 жылдан астам тәжірибесі болған. Ол қаза табар алдында Шымкент қаласына ауысу туралы бұйрықты күтіп, болашағына үлкен жоспарлар құрған. Марқұмның жұбайы Жанар Қалаубаева сол күні күйеуімен соңғы рет сөйлескенін айтып, былай деді:

«Ол бәрі жақсы екенін, нарядқа түсіп, кейін қайта хабарласатынын айтты. Ертеңіне Шымкентке ауыстыру туралы бұйрыққа қол қойылуы керек болатын. Үш күннен кейін үйге қайтамын деп уәде берді».

Марқұмның әкесі Құлыбек Әріпжанов тергеу амалдарындағы көптеген шикіліктерді алға тартады. Оның айтуынша, оқиға орнында тиісті сараптамалар жүргізілмеген, ал оқ пен гильза, тіпті капитанның үстіндегі киімдері де жоғалып кеткен. Сондай-ақ сол күні әскери бөлімдегі бейнебақылау камералары істемей қалған. Капитанның әкесі күдігін былайша негіздеді:

«Офицерлер атыс дайындығынан үнемі өтеді. Одан кейін қару әрдайым сақтандырғышқа қойылады. Табылған тапанша дәл сол күйінде болған. Біреу оқ атып, кейін автоматты түрде сақтандырғышты қосып кеткендей көрінеді».

Бес баласы жетім қалған офицердің туыстары бірнеше жылдан бері әділдік іздеп, капитанның өлімі суицид емес екенін дәлелдеуге тырысып келеді.

«Көз көгерген. Оң жақ көзі - көкпеңбек. Үсті басының барлығында сау тамтығы жоқ. Қолының терісі алынып, жыртылып кеткен. Арқасын қараңызшы (фотосын көрсетіп). Ұрған, ісініп кеткен».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар