Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасында мемлекеттік билік жүйесі мен халықтың шешім қабылдау үдерісіне қатысу тетіктері түбегейлі қайта қаралды, деп хабарлайды Alash.kz.
Реформа аясында Ата заңның 84 пайызы жаңартылып, құжат 95 бап пен 11 бөлімнен тұратын жаңа құрылымға ие болды.
Негізгі өзгерістер келесі бағыттарды қамтиды:
• Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы. 4-бапта халық мүддесі айқын жазылған.
• Референдум мәртебесі. «Республикалық референдум» ұғымы «жалпыхалықтық референдум» болып өзгерді. Енді Ата заңға түзетулер енгізу тек Президенттің шешімімен және осы референдум арқылы ғана жүзеге асады.
• Бірпалаталы Парламент. Заң шығарушы органның жаңа моделі «Құрылтай» деп аталатын 4-бөлімде бекітілді. Онда депутаттардың өкілеттігі мен заң қабылдау тәртібі нақтыланған.
• Халық Кеңесі. Ел мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган мәртебесін алды. Оған заң жобаларын ұсыну және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру құқығы берілді.
• Президентке қойылатын талаптар. Үміткерлердің жасы 40-тан кем болмауы, тумысынан ел азаматы болуы және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы лауазымдарда кемінде 5 жылдық тәжірибесінің болуы міндеттелді.
• Конституциялық сот. Органның тәуелсіздігі мен ел аумағында Ата заң үстемдігін қамтамасыз етудегі миссиясы заңды түрде нығайтылды.
Жаңа редакциядағы Преамбула мен төрт жаңа атаумен берілген бөлімдер мемлекеттік басқарудың концептуалды жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған.