Ақмола облысының Щучинск қаласында екі баланың анасы Әсемнің қазасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның туыстары әйелді бұрынғы жігіті қатыгездікпен соққыға жығып, соның салдарынан көз жұмды деп есептейді, деп жазды Alash.kz.
Туыстарының айтуынша, Әсем бұрын бірге жүрген Алмаз М. есімді азаматпен қарым-қатынасын оның агрессивті мінезіне байланысты тоқтатқан. Алайда ер адам оны мазалауын доғармаған көрінеді.
Жақындарының мәліметінше, 9 маусым күні Әсем бұрынғы жігітімен кездесуге келісіп, кейін екеуі жалдамалы пәтерге барған. Туыстары сол жерде әйелдің түні бойы соққыға жығылғанын алға тартады.
Олардың сөзінше, күдікті әйел ес-түссіз жатқан кезде бірден жедел жәрдем шақырмай, алдымен оқиғаның іздерін жасыруға әрекет жасаған. Сондай-ақ дәрігерлерге жарақаттың басқа жағдайда болғанын айтқан деген болжам бар.
Марқұмның туыстары Әсемнің қабырғалары сынғанын, бауыры жыртылғанын және денесінде көптеген жарақат іздері болғанын мәлімдеп отыр. Олар күдіктіге тағылған баптың қайта қаралуын және істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етуде.
Әсемнің артында 6 және 8 жастағы екі баласы қалған. Туыстарының айтуынша, балалар бұған дейін әкесінен айырылған.
Ақмола облысы полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал кезінде ер адам әйелге дене жарақатын салған, кейін жәбірленуші алған жарақаттарынан қайтыс болған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Тергеу аяқталғанға дейін күдіктінің кінәсі сотта дәлелденбегенін ескерген жөн.