Индонезияның Батыс Ява өңірінде тұратын Сити Зайна есімді әйелдің ерекше оқиғасы кезінде әлемдік БАҚ-тың назарын аударған болатын, деп жазды Alash.kz.
Әйелдің айтуынша, үйінде демалып отырған сәтте өзін қатты жел соғып өткен. Осыдан кейін бірнеше минуттан соң іші ауырып, күтпеген жерден қыз баланы дүниеге әкелген. Ол бастапқыда өзінің қалай жүкті болғанын түсіндіре алмаған.
Алайда кейін жергілікті билік пен дәрігерлер арнайы тексеру жүргізіп, оқиғаға медициналық түсініктеме берді. Мамандардың пікірінше, бұл жағдай «жасырын жүктілік» деп аталатын сирек құбылыспен байланысты болуы мүмкін. Мұндай кезде әйел босану уақытына дейін өзінің жүкті екенін байқамауы ықтимал.
Тексеру барысында нәрестенің биологиялық әкесі әйелдің бұрынғы күйеуі болуы мүмкін деген болжам да айтылған.
Мамандар адамның желдің әсерінен жүкті болуы биологиялық тұрғыдан мүмкін емес екенін атап өтті. Сондықтан бұл оқиға ғылыми тұрғыдан жасырын жүктілікпен түсіндіріледі.
Оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, түрлі болжамдар мен пікірталастарға себеп болған еді.