Танымал продюсер, әнші Мөлдір Мұқан әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен оның екінші әйелі төңірегіндегі желідегі қызу талқылаулардан кейін алғаш рет көпшілікке үн қатып, әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Продюсер өзінің жазбасында айналасындағы жанашыр адамдарға алғысын жаудырып, жүрегінде әлі де талай арман-мақсат пен жаңа бастамалар бар екенін жеткізді:
«Рақметтен басқа айтарым жоқ. Ата-анам да білген жоқ қой, өздерінің жасаған жақсылықтарының арқасында кейін балалары осылай шалқып жүретінін. Сол сияқты, айналамдағы жақсы жандарым, сіздердің жақсылықтарыңызды мен қайтара алмасам да, ұрпағыңызға жаратушының жасап қойған жақсылықтары молынан деп сенемін. Иә, мен әлемге ашықпын. Өйткені менің жүрегімде әлі де қаншама арман, қаншама махаббат, қаншама әдемі бастамалар бар!», – деп жазды ол.
Сонымен қатар Мөлдір Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында балалық шағындағы қонақжай шаңырағын еске алып, ата-анасының қызмет пен ауыл тірлігін қатар алып жүріп, мейман күткен сәттерін баяндады:
«Өмір, мен саған ғашықпын! Бала кезімде үйімізден қонақ үзілмеуші еді. Екі күннің бірінде қой сойылып, меймандарға бас тартылып, ет асылып жататын. Әкем де, анам да қызметтегі жандар болған соң, жұмыстарын да, ауыл тірлігін де қатар алып жүретін. Дегенмен, балалары жүгіріп көмектесіп жүретінбіз», – деді продюсер.
Сөз барысында ол он жасында анасына дастархан жайысып, қолғабыс еткен күндерінің жемісін бүгінде өзі көріп, төрден орын алып жүргенін атап өтті:
«Жасым ондар шамасында болса да, анама дастархан жайысып, оны жинап көмектесетінмін, шаршап та қалатынмын. Қазір сондай сыйлы мейманның орнында өзім жүрген екенмін. Төрден орын беріп, сый-сияпатымен қарсы алып жатқан жақсылар өте көп екен айналамда», – деп түйіндеді Мөлдір Мұқан.