Астанадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында «Халық заңгері» ауқымды акциясы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Үш сағат бойы 30-дан астам сарапшы, мемлекеттік мекеме басшылары, судьялар мен адвокаттар қала тұрғындарын қабылдап, оларды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Акцияны Астана қаласының прокуратурасы әкімдікпен, құқық қорғау және сот органдарымен бірлесіп, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырды.



Кездесудің басты мақсаты – азаматтарға құқықтық кеңес беріп қана қоймай, тұрғындар мен мемлекеттік органдардың басшылары арасында тікелей диалог орнату.
Елордада халықпен жұмыс істеудің мұндай тәжірибесі тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қала аудандарындағы ірі сауда ойын-сауық орталықтары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарында көшпелі қабылдаулар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Алайда бұл жолы шараның ауқымы кеңейтілді. Бұған дейін аудан прокурорлары тұрғындарды жеке-жеке қабылдаса, енді қалалық прокуратура бір алаңға әкімдік қызметкерлерінен бастап, адвокаттар алқасы мен қоғамдық бірлестіктер өкілдеріне дейінгі негізгі құрылымдардың мамандарын жинады.
«Басты мақсат – азаматтарымыз бір жерден тегін заң көмегін алып, кез келген сұрағына жауап таба алуы. Сонымен қатар тұрғындар кері байланыс арқылы өз өтініштерінің құзырлы органдарда қаралу барысы мен қай кезеңде тұрғанын тікелей біле алады», – деп атап өтті Астана қаласы прокурорының орынбасары Маратбек Мирзамуратов.
Қала тұрғындарын толғандырған мәселелер өмірдің түрлі саласын қамтыды. Олардың қатарында алимент өндіру, айыппұлдарға шағымдану, еңбек және мүліктік даулар бар.
«Жаңа ғана маған алаяқтардың арбауына түсіп, ақшасынан айырылған әйел жүгінді. Алайда осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалмаған. Сол жерде аудан прокуратурасы мен полиция қызметкерлеріне оның арызын дереу қабылдап, ертең ресми тіркеуге алып, мәселені жан-жақты қарау жөнінде тапсырма берілді. Осылайша, басқа да мәселелер біртіндеп шешімін тауып жатыр», – деді Маратбек Мирзамуратов.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, акция барысында қабылданған барлық жазбаша өтініш ерекше бақылауға алынған. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы осындай ашық қабылдаулар Астананың барлық ауданында жалғасады. Бұл әрбір тұрғынға бюрократиялық кедергілерсіз, тікелей жүгіну арқылы өз құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.