Мәнерлеп сырғанаудан Милан Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанған отандасымыз Михаил Шайдоров бұдан былай ресейлік жаттықтырушысы Алексей Урмановпен бірлесіп жұмыс істемейді, деп хабарлайды Alash.kz.
Тараптар арасындағы ынтымақтастықтың аяқталғанын Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов ресми түрде растады. Министрдің айтуынша, спортшы алдағы жаңа белестерге дайындықты бастап кеткен:
«Қазір Шайдоров үшін жаңа олимпиадалық кезең басталды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, иә, Алексей Урмановпен келісімшарт бұзылды. Олимпиада чемпионымызды дайындауға қосқан үлесі үшін оған зор алғысымызды білдіреміз», – деді министр.
Айта кетерлігі, 1994 жылы ерлер арасындағы жекелей сында Олимпиада шыңын бағындырған Алексей Урманов қазақстандық спортшының жаттықтырушылар штабына соңғы үш жыл бойы жетекшілік етті. Дәл осы маманның тәлімімен Михаил Шайдоров кәсіби мансабындағы ең биік жетістігіне қол жеткізіп, 2026 жылдың ақпан айында Италияның Милан қаласында өткен төртжылдықтың басты додасында топ жарды. Осы тарихи жеңісінің арқасында ол мәнерлеп сырғанау спортынан Қазақстан қоржынына тұңғыш рет Олимпиада алтынын салған саңлақ ретінде ел есінде қалды.