Агрессивті сүйек қатерлі ісігіне шалдыққан белгілі стендап-комик Элдос Алмазов 29 жасында Бішкекте ота үстінде көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қаралы хабарды марқұмның немере әпкесі әлеуметтік желіде жариялап, бұл жағдайдың әсіресе ұлының өмірін сақтап қалу үшін ұзақ уақыт күрескен ата-анасы мен жақындары үшін орны толмас ауыр қайғы болғанын жеткізді. Комиктің қазасын досы, стример Анар Абдуллаев та растап, әзілкешке іш қуысына ота жасалғанын, алайда жүрегі шыдамай қалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар ол жерлеу рәсіміне кететін барлық шығынды өз мойнына алатынын айтты. 18 қараша күні жасалған хирургиялық араласу шамамен бір сағатқа созылған, ал отаға дейін әзілкештің жағдайы жақсы болып, туыстарымен сөйлескен. 19 қарашада марқұмның денесі туған жері — Ош қаласына жеткізіліп, жаназасы шығарылды.

Элдос Алмазов қатерлі дертке шалдыққанын биыл сәуір айында хабарлаған еді. Бастапқыда сол аяғының ауырсынуын жарақат немесе жүйке қысылуы деп ойлап, дәрі-дәрмекпен емделгенімен, жүруі қиындаған соң дәрігерге қаралып, сүйек тінінде жылдам дамып, өзге ағзаларға метастаз беретін остеосаркома диагнозын естіген. Оның химиотерапиясына, биопсиясына және отасына оқырмандары мен стримерлер қаржы жинап, 17 сәуірге дейін 800 мың рубльден астам қаражат аударған. Төрт курс химиотерапиядан кейін қыркүйекте ісікке ота жасалып, әзілкеш қайтадан жүруді үйрене бастаған болатын. Алайда қазанның басында кезекті емнен соң талдау нәтижелері күрт нашарлап, мұрнынан қатты қан кетуіне байланысты екі тәулік жансақтау бөлімінде жатып, қан құйдырған. Ал 20 қазанда Telegram-арнасында үйіне оралып, келесі химиотерапияға дайындалып жатқанын жазған — бұл оның соңғы жазбасы болды.
1997 жылғы 25 қыркүйекте Қырғызстанның Ош облысындағы Тельман ауылында дүниеге келген Элдос Алмазовқа он жасында өсу гормонының жеткіліксіз бөлінуінен туындайтын эндокриндік ауру — гипофизарлық нанизм диагнозы қойылған. Мектеп бітіргенде бойы 112 сантиметр болған, ал ересек шағында шамамен 130 сантиметрге жеткен әзілкеш сахнада өз келбетін әзілге айналдырып, өзін-өзі әжуалаудан тартынбайтын. 2018 жылы Мәскеуге қоныс аударған ол 2021 жылы ТНТ арнасындағы «Открытый микрофон» жобасының алтыншы маусымында Алексей Щербаковтың командасында өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жету арқылы кеңінен танылды. Кейін Азамат Мұсағалиевтің «Большое шоу» жобасына қатысып, жеке стендап концерттерін ұйымдастырған еді.