Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Келін бөлек тұрғысы келді, бала бармаймын деді": Ақбота Керімбекова ұлының неге ажырасқанын айтты

 "Келін бөлек тұрғысы келді, бала бармаймын деді": Ақбота Керімбекова ұлының неге ажырасқанын айтты

Қазақстандық танымал әнші Ақбота Керімбекова отбасындағы жеке жағдайға қатысты алғаш рет ашық пікір білдірді. Өнер иесі үлкен ұлының шаңырағының шайқалуына не себеп болғанын түсіндіріп, бұрынғы келінімен қазіргі қарым-қатынасы туралы да айтты. Әнші бұл жайттарды журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында баяндады, деп жазады Alash.kz

Әншінің сөзінше, жас отбасының ажырасуына келінінің жеке шаңырақ көтеріп, ата-енеден бөлек тұруға деген қалауы себеп болған. Алайда бұл мәселе отбасында түсініспеушілік туғызған. Себебі Ақбота Керімбекованың үлкен ұлы бала кезінен әжесінің тәрбиесінде өскен. Әнші жалғыз қыз болғандықтан, анасы немересін бауырына басып, өз қолында өсірген екен.

Осыған байланысты ұлы бөлек үйге көшуді қаламаған. Ал келіні жеке өмір сүргісі келген. Ақырында екі жастың ортақ шешімге келе алмауы отбасылық қарым-қатынастың бұзылуына әкелген.

«Үлкен ұлымның ажырасуының себебі — келін бөлек шыққысы келді. Ал бала апасының бауырына басқан баласы. Мен жалғыз қыз болғаннан кейін анам үлкен ұлымды бауырына басқан. Келін бөлек тұрғысы келді, бала бармаймын деді. Бәрі содан басталды», – деді Ақбота Керімбекова.

Әнші жас жұбайлардың ажырасуына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтады. Тіпті келініне бөлек тұруға мүмкіндік беруге де қарсы болмаған. Оның басты тілегі – ұлы мен келінінің отбасын сақтап қалуы болған.

«Бөлек шықсаңдар шығыңдар, ажыраспаңдар деп те айттық. Өзіңнің өміріңдегі қателіктерді балаларың жасамаса екен деп тілейсің. Біз біраз тырыстық. Екі жаққа кетті, өз өмірлерін сүріп жатыр», – деп еске алды өнер иесі.

Дегенмен барлық талпынысқа қарамастан, жас отбасы екіге айырылған. Қазір бұрынғы келінімен араласпайтынын айтқан әнші қарым-қатынасты қайта жалғастыруға келінінің өзі ниет танытпайтынын жеткізді.

Сұхбаттың ең әсерлі тұстарының бірі – әншінің немересі мен ата-әжесінің арасындағы байланыс туралы пікірі болды. Ақбота Керімбекова ажырасқаннан кейін кейбір аналардың балаларын әке жағындағы туыстарынан алыстатып жіберетініне қынжылатынын жасырмады. Оның ойынша, бала тәрбиесіне әкесі мен ата-әжесінің де араласуына мүмкіндік берілуі керек.

«Қазір келініммен араласпаймын, араласқысы келмейді. Неге қазіргі жастар ажырасса баланы алып қашады? Ата-енесіне, әкесіне берсін, олар да көмектессін. Сол әулеттен туды, солардың ұрпағы», – деді әнші.

Өнер иесі ажырасу ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынастың аяқталуы болғанымен, баланың әке жағындағы туыстарымен байланысы үзілмеуі керектігін алға тартты. Әсіресе, немересінің қызығын көруді армандайтын ата-әжелердің сезіміне түсіністікпен қарауға шақырды.

«Қыздарға немерем деп қуанған ата-әжелердің жүрегін ауыртпаңдаршы дегім келеді», – деп түйіндеді Ақбота Керімбекова.

Әншінің бұл пікірі отбасындағы ұрпақтар сабақтастығы, ажырасқаннан кейінгі ата-ана жауапкершілігі және баланың туыстарымен қарым-қатынасы мәселесін қайта көтерді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар