Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мектептегі баспалдақтан құлаған»: Қонаев қаласында 6-сынып оқушысы көз жұмды (ВИДЕО)

«Мектептегі баспалдақтан құлаған»: Қонаев қаласында 6-сынып оқушысы көз жұмды (ВИДЕО)

Алматы облысында Қонаев қаласындағы гимназияда баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алған алтыншы сынып оқушысының қазасы тергеліп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Дәрігерлер баланың өмірі үшін екі тәулік бойы күрескенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Педагогтердің айтуынша, қайғылы жайт сабақ басталмай тұрып орын алған: сыныпқа бара жатқан оқушы баспалдақтың жақтауымен сырғанауды ұйғарып, тепе-теңдікті ұстай алмай, басымен төмен құлаған. Мектеп әкімшілігі бұл жағдайды жазатайым оқиға деп бағалап отыр. Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназияның директоры Гүлзат Ержанова оқиға бойынша түсініктеме берді:

«Сағат 13:18-де жазатайым оқиға болды. Алтыншы сынып оқушысы екінші блоктың үшінші қабатындағы баспалдақтың жақтауымен сырғанап түспек болып, құлап, жарақат алды. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жедел жәрдем шақырылды және дереу қалалық ауруханаға жеткізілді», – деді Гүлзат Ержанова.

Ауруханаға кома жағдайында жеткізілген балаға дәрігерлер ауыр ашық бас-ми жарақаты, самай және төбе сүйектерінің сынуы, сондай-ақ мидың көптеген соғылуы деген диагноз қойған. Кеше оқушының халі күрт нашарлап, оған шұғыл түрде ота жасалғанымен, бүгін таңертең бала қайтыс болды. Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасы директорының орынбасары Айдос Қизатов науқастың жағдайы туралы баяндады:

«Бүгін таңертең науқастың жағдайы өте ауыр болып, нашарлап кетті. Жүрек-тыныс алу жүйесі тоқтап қалды, бұл теріс динамикаға әкелді. Өкінішке қарай, жүргізілген барлық реанимациялық іс-шараларға қарамастан, нәтиже болмады, соның салдарынан бала қайтыс болды», – деді Айдос Қизатов.

Қазіргі уақытта аталған қайғылы оқиға дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар