Қазақстанда жыл сайын 18 қарашада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні аталып өтеді, деп хабарлайды Alash.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
Бұл саланың институционалдық қалыптасуы 2014 жылдың 18 қарашасында отандық заңнамада алғаш рет «сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары» ұғымының енгізілуінен бастау алады. Араға бір жыл салып, 2015 жылдың 18 қарашасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» арнайы заң қабылданды.
Құрылымдық реформалар мен ҰҚК құрамына өту
2019 жылдың маусымында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро дербес мәртебеге ие болып, Президентке тікелей бағынатын және қоғамда Антикор ретінде танылған агенттік болып құрылды. 2024 жылы 18 қараша ресми кәсіби мереке ретінде бекітілгенімен, бір жылға жетпей ведомство кезекті қайта құрылымдаудан өтті. 2025 жылғы 30 маусымдағы №927 Жарлыққа сәйкес, Антикор Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) құрамына біріктіріліп, оның базасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жасақталды. Ал жемқорлықтың алдын алу, тиісті саясатты қалыптастыру және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті орнықтыру өкілеттіктері Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктелді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл реформаны Антикор жұмысына деген наразылықпен емес, екі ведомствоның бір бағытта қатар жұмыс істеуі тиімділікті төмендете бастағанымен түсіндірді. Құрылымдық өзгерістерге қарамастан, ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі сотқа дейінгі тергеп-тексеру, жедел-іздестіру және қарсы барлау жұмыстарын жүргізуді жалғастырады. Сонымен қатар бұл орган жемқорлық фактілерінің жолын кесуге, ақпарат берген азаматтарды қорғауға және тәркіленген мүлікті есепке алып, іске асыруға жауапты.
Статистика және квазимемлекеттік сектордағы ахуал
Соңғы жылдардағы ресми деректер елдегі жемқорлық тәуекелдерінің әлі де жоғары екенін көрсетеді. 2023–2025 жылдар аралығында республика бойынша 3 168 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы тіркеліп, мемлекетке келтірілген жалпы залал көлемі 248 млрд теңгеден асты. Анықталған қылмыстардың 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер, ал қалғанын өзге тұлғалар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері жасаған. Ал биылғы жылдың алғашқы он айында 751 жемқорлық дерегі әшкереленіп, оның 546-сы мемлекеттік қызметшілерге, 205-і өзге санаттағы тұлғалар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлеріне тиесілі болды.
Мемлекет басшысы қоғамнан ешқандай ақпарат жасырылмайтынын және түрлі деңгейдегі басшыларға қатысты кез келген деректі ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Бас прокуратурамен бірлесе отырып мұқият тексеретінін мәлімдеді. Президент «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуын мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық ауқымын көрсететін айқын белгі деп бағалады. Осыған байланысты Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесінде Үкіметке 24 қарашаға дейін квазимемлекеттік сектордағы жемқорлыққа қарсы нақты шаралар әзірлеу тапсырылды. Сондай-ақ 12 қарашада Астанадағы Қонаев көшесіндегі тұрғын үй кешені маңында шашылып жатқан долларлар түсірілген видеоға қатысты тергеудің енді басталғаны және оның мәліметтері әзірге жарияланбайтыны айтылды. Тоқаев бұл істі жаңа Конституциядағы «Заң және тәртіп» қағидаты аясында мемлекеттік компанияларда қозғалған алғашқы ірі жемқорлық ісі ретінде атап, заң алдында ешкімге артықшылық берілмейтінін шегеледі.
Бақылау тетіктері мен ҰҚК-дегі жаңа тағайындау
Мемлекет басшысы «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру кезінде жемқорлық топтары инфрақұрылымдық жобалардың орындалуына кедергі келтіруі мүмкін екенін ескертті. Бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қадағалау үшін арнайы Мемлекеттік комиссия құрылып, оның құрамы келесі аптаның басында жарияланбақ.
Бұл бағыттағы бақылау ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысымен тікелей байланысты. Осы аптада 2022 жылдың қаңтарынан бері комитетті басқарған Ермек Сағымбаевтың орнына Марат Ирменов ҰҚК төрағасы болып тағайындалды. Жаңа басшыға ведомствоның жұмыс тәсілдерін жаңартып, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптердің алдын алу, мемлекеттік бағдарламалардағы жемқорлық тәуекелдерін азайту, «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту және экономикалық мүдделерді қорғау тапсырылды. Айта кетейік, елімізде жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы 2027 жылы іске қосылады.
Маман даярлау және іріктеу талаптары
Құрылымдық өзгерістерге дейін, 2023 жылғы тәртіпке сәйкес, қызметке 18 бен 35 жас аралығындағы, жоғары заңгерлік, экономикалық немесе қаржылық білімі бар азаматтар қабылданды. Үміткерлер тестілеуден, әңгімелесуден, әскери-дәрігерлік комиссиядан, полиграфтан және заңнама бойынша емтиханнан өтіп, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында 6 айлық (5 ай теория мен практика, 1 ай тағылымдама) бастапқы даярлықтан өтетін.
Қайта ұйымдастырудан кейін де Академияның кадр даярлаудағы рөлі сақталды — өткен жылдың желтоқсанында мұнда ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне арналған алғашқы түлектер оқуын аяқтады. Бүгінде осы салада қызмет еткісі келетін жастар жоғары оқу орындарында «Құқық» білім беру бағдарламасын таңдап, ҰБТ-да Дүниежүзі тарихы мен Құқық негіздері пәндерін тапсыра алады. Жалпы ҰҚК мен ҰҚК Шекара қызметі қатарына қосылу үшін үміткер 18 жасқа толған, әрекетке қабілетті, сондай-ақ моральдық, кәсіби, жеке қасиеттері мен денсаулығы және дене дайындығы талаптарға сай болуы шарт.