Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова Құрылтай депутаттары алдында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы бойынша баяндама жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Баяндама барысында Конституциялық Сот Төрағасы жаңа Конституцияның мемлекет пен қоғам дамуының негізгі бағыттарын айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, адам құқықтарын қорғау, заң мен тәртіптің үстемдігі, жалпыұлттық бірлік, жауапты отаншылдық, сондай-ақ ғылым мен білімді дамыту қағидаттары конституциялық құндылықтардың біртұтас жүйесін құрайды. Ал «Заң және тәртіп» пен «Адал азамат» қағидаттары тек азаматтардың мінез-құлқына ғана емес, барлық мемлекеттік органдардың қызметіне де ортақ міндетті өлшем болып табылады. Сонымен қатар Эльвира Азимова Ата Заңның іс жүзінде орындалуы заңнаманың сапасына тікелей байланысты екенін, құқықтық нормалардың анық әрі түсінікті болуы қажеттігін жеткізді.
Конституциялық бақылаудың маңыздылығына тоқталған Төраға бүгінге дейін Конституциялық Сотқа 18 мыңнан астам өтініш түскенін, олардың шамамен 99 пайызы азаматтардан келгенін мәлімдеді. Бұл өз кезегінде аталған институттың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы айрықша рөлін растайды. Бұдан бөлек, Сот қызметі аясында банк құпиясының дербестігі, қылмыстық процесте ортақ меншік иелерінің мүддесін қорғау, баламен қарым-қатынас жасау шешімдерінде бала мүддесіне басымдық беру, еңбек қатынастарындағы шектеулердің шектен шықпауы және процестік мерзімдердің нақтылығы секілді негізгі құқықтық бағыттар айқындалды. Спикер қоғам үшін маңызды мақсаттардың болуы мемлекеттік органдардың өз өкілеттігін асыра пайдалануына негіз бола алмайтынын және заң жобаларын әзірлеуде құқықтық олқылықтардың алдын алу қажеттігін ескертті.
Статистикалық деректерге сүйенсек, заң шығарушы орган Конституциялық Соттың 91 нормативтік қаулысының 70 пайызын заңнамалық деңгейде іске асырған, ал тағы 16 шешімді Құрылтай депутаттарының заң шығару бастамасы аясында орындау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Конституциялық Соттың құқықтық ұстанымдары сот және прокуратура тәжірибесінде белсенді қолданылуда: мыңнан астам сот актісінде аталған қаулыларға сілтеме жасалып, Жоғарғы Соттың жеті нормативтік қаулысы соларға сәйкестендірілген. Ал прокурорлық қадағалау нәтижесінде мыңнан астам азаматтың құқығы қалпына келтіріліп, 40 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды және 46 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Баяндама соңында Эльвира Азимова жаңа Конституция азаматтық, қылмыстық және әкімшілік заңнаманы кешенді түрде жаңартуды талап ететінін айтты. Ол цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде алгоритмдердің ашықтығы мен автоматтандырылған жүйелердің шешімдерін адам тарапынан бақылаудың жаңа конституциялық-құқықтық кепілдіктері қажет екенін алға тартты. Сондай-ақ Конституциялық Сот Төрағасы азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің конституциялық-құқықтық мәдениетін арттыру және Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз ету мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.