Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны, жасы тоқсанға таяған Әділхан Сисенов денсаулығының сыр беріп, төсек тартып жатқанына қарамастан, көршілес Жылыой ауданында өтіп жатқан сот отырысына келіп, әділдік талап етті, деп хабарлайды Alash.kz.
Айтуынша, ауыр соққы мен қорлық салдарынан денсаулығы нашарлап, инсульт алған қария емделіп, есін жиғаннан кейін сотта болған жайтты тәптіштеп баяндап берді.
Оқиға осы жылдың маусым айында орын алған еді. Қара шаңырақта отырған қырық жеті жастағы кенже ұлы өз әкесін ас-сусыз қамап, аяқ-қолын скотчпен байлап, бірнеше мәрте аяусыз ұрып-соққан. Ауылдан араша таппаған қарт кейін қалаға келіп, журналистерге сұхбат бергеннен кейін ғана қоғамда үлкен резонанс туындап, қатыгез ұлға қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. Алайда күдікті әлі күнге дейін қамауға алынбаған. Сотта жәбірленуші ақсақал басынан өткен ауыр күндерді еске алып, кінәлі баланың тиісті жазасын алуын талап етті:
«Төрт айдан бері неге қамамайды? Мені қамағаны, қол-аяғымды байлағаны, тас төбемнен ұра берді, ұра берді. Сол, ұра бергеннің зардабынан инсульт соқты. Басымда ұра бергеннің жиынтығы жиналып. Ұрып, жығып, бәрін алған да, киім-кешегімді бермей қойды. Мен қазір балалардың киімін киіп жүрмін», — деп күйзелді қарт жәбірленуші Әділхан Сисенов.
Бүгінгі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы қариядан іске қатысты кейбір мәліметтерді нақтылады. Ал айыпталушы өз кінәсін мойындамайтын сыңай танытып, оның қорғаушысы да, өзі де сотта түсірілім жасауға қарсылық білдірді. Зардап шеккен ақсақалдың айтуынша, бұл — ұлының тарапынан жасалып отырған алғашқы зәбір емес, бұған дейін де бірнеше рет қол жұмсалған. Сонымен қатар бұрын ішкі істер саласында қызмет еткен ұлдың жазадан сытылып кетуі мүмкін екеніне қатысты күдіктер де айтылған еді.
Осы қиын сәтте қарияның қарындастары, ұл-келіндері мен немерелері де әділдік іздеп, ақсақалдың құқығы қорғалуын талап етіп келеді. Сотқа арнайы келіп қатысқан жәбірленушінің қарындасы туған ағасы үшін соңына дейін күресетінін жеткізді:
«Сағыз стансасынан келіп тұрмыз. Осымен үшінші рет. Мынау үшінші сот болып жатыр. Туған ағамыз үшін келіп отырмыз ғой. Қолымен істегенді мойнымен көтерсін. Ағайынның бәрімен қазір араз болдық, осы баланың қылығынан. Ауырып қалып еді, қазір жақсы, есі орнына келіп жатыр. Өткенде микроинсульт алды ғой», — деді Кенжетай Сисенова.