Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Министрліктен комиссия аттанды»: ҚазҰУ-дағы студенттер қазасынан кейін мониторингтік топ құрылды

«Министрліктен комиссия аттанды»: ҚазҰУ-дағы студенттер қазасынан кейін мониторингтік топ құрылды

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі он күннің ішінде екі бірдей студенттің қазасы тіркелген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне кешенді тексеру жүргізу үшін арнайы мониторингтік топ жіберді, деп хабарлайды Alash.kz.

Оқу орнының ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, аталған шара білім беру мекемесіндегі бақылауды арттыруға бағытталған:

«Жастар ортасында студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне кешенді тексеру жүргізеді», — делінген университеттің ресми сайтында.

Арнайы жасақталған комиссия білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы заңнама талаптары мен ішкі құжаттардың дұрыстығын мұқият зерделейді. Бұдан бөлек, мамандар оқу орнындағы тәрбие, әлеуметтік-психологиялық және профилактикалық жұмыстардың тиімділігіне баға бермек. Ведомство өкілдері тексеріс барысында басымдық берілетін негізгі бағыттарды нақтылады:

«Комиссия жанжалды жағдайларды анықтау мен алдын алудың, студенттердің өтініштеріне уақтылы ден қоюдың және оларға психологиялық көмек көрсетудің қолданыстағы тетіктеріне ерекше назар аударады», — деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігі.

Еске сала кетейік, бұған дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде екінші курс студенті бірінші курс студентін ұрып өлтірді деген күдікке ілінген болатын. Осы қайғылы оқиғадан кейін университет басшылығы кемінде екі лауазымды тұлғаны қызметінен босатты. Атап айтқанда, Басқарма мүшесі – әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор Бақытжан Бауыржанұлы Омаров пен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Сағындыққызы Ақтымбаева жұмыстан кеткен еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар