Әлемдік «Forbes» басылымы қазақстандық тревел-блогер әрі видеограф Дастан Мұхамедрахымның жетістіктері туралы арнайы материал жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
Басылымның «World of Forbes» айдарында жарық көрген шолуда 28 жастағы отандасымыздың кәсіби жолы мен табыс тарихы баяндалған. Бұрын мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ берген маман бүгінде миллиондаған аудиторияға Қазақстанның көрікті табиғатын танытып жүр.
«Forbes» келтірген деректерге сәйкес, отандық контентмейкердің аудиториясы мен қызмет аясы қарқынды даму үстінде. Бүгінде тревел-блогердің Instagram парақшасына 2,1 миллион қолданушы жазылған, ал парақшасында бір жарнамалық бейнеролик жариялау құны 15 мың доллардан басталады. Сонымен қатар бес адамнан тұратын командасымен бірге «Kaspi.kz», «Air Astana» және «Turkish Airlines» сынды ірі отандық және халықаралық брендтермен серіктестік орнатқан.
Айта кетейік, Дастан Мұхамедрахым биылғы жылы «Forbes Kazakhstan» басылымының «30 жасқа дейінгі 30» («30 до 30») рейтингінің тізіміне де енген болатын.