Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Марқұмның жетісі мен қырқын өткізу міндет пе?»: ҚМДБ шариғат талаптарын түсіндірді

«Марқұмның жетісі мен қырқын өткізу міндет пе?»: ҚМДБ шариғат талаптарын түсіндірді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) марқұмның жетісін, қырқын және жылдығын өткізуге қатысты шариғат талаптарын түсіндіріп, ресми мәлімдеме жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.

«Иман» журналының 2026 жылғы №11 санында жарық көрген Медет Құрмашұлының жазбасында адам қайтыс болғаннан кейін оның атынан садақа беру, мұқтаждарға көмектесу, жұртқа тамақ тарату және Құран бағыштап, дұға жасау сауапты істердің қатарына жататыны айтылған. Алайда діни басқарма таратқан ақпаратта аталған күндерді арнайы атап өту шариғатта міндеттелмегені көрсетілген:

«Алайда марқұмның жетісін, қырқын немесе жылдығын өткізу шариғатта міндеттелген арнайы рәсім емес. Мұндай жиындар жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайын-туысқандары көңіл айтып, көрісуі және марқұмға дұға жасауы үшін садақа ретінде өткізілсе, «мубах» (рұқсат етілген) жоралғылардың қатарына жатқызылады», — деп жазылған ресми мәліметте.

Сонымен қатар ҚМДБ өкілдері марқұмның атынан берілетін асты қарызданып, мақтан үшін үлкен дастарқан жайып өткізудің дұрыс еместігін және сауапты істерді белгілі бір датаға байламай-ақ кез келген уақытта атқаруға болатынын түсіндірді:

«Марқұмның атынан ас беру рұқсат етілген іс болғанымен, шариғатта міндетті түрде мал сойып, қарызданып немесе үлкен дастарқан жаюды талап етпейді. Ас берілетін болса, ол отбасының жағдайына қарай, ысырапсыз және мақтаннан аулақ түрде ұйымдастырылғаны дұрыс. Марқұмның атынан жасалатын сауапты істердің түрі көп. Мысалы, садақа беру, мұқтаж адамдарға жәрдемдесу, игі іс жасау, марқұмға дұға ету және т.б. Мұндай сауапты істерді белгілі бір күнге байламай, кез келген уақытта адамның шамасына қарай жасауға болады», — делінген ҚМДБ сайтындағы хабарламада.

Діни басқарма мұндай жиындардың басты мақсаты Алланың разылығын іздеу, марқұмның күнәларының кешірілуін тілеп, сауабын бағыштау және тірілерге өлімді еске салып, қысқа ғұмырды ізгілік пен құлшылықпен өткізуге ғибрат алу екенін еске салды. Сондай-ақ «Өзекті жанға – бір өлім» қағидатын алға тарта отырып, қазалы жиынның жарысқа айналмауы тиіс екенін айтты:

«Сондықтан қазалы жиын дүниелік әңгіме, ойын-сауық, бәсеке мен даңғазаға айналмауы тиіс. «Өзекті жанға – бір өлім» дегендей, қаза – дүниелік қызықтың немесе орынсыз әңгіме мен ойын-сауықтың уақыты емес. Бұл – марқұмды еске алып, оған дұға жасау, жақындарына көңіл айту, сабырға шақыру және қайғысына ортақтасу үшін бас қосатын кез. Қорыта айтқанда, марқұмның жетісі, қырқы, жылдығы – шариғатта міндеттелген рәсім емес. Дегенмен марқұмға дұға жасауы мақсатында мұндай жиындарды ысырапсыз, мақтансыз өткізуге болады. Ең маңыздысы – жиынды жарысқа айналдырмай, марқұмға дұға жасауға, садақа беруге және тірілерге ғибрат алуға бағыттау», — деп түйінделеді хабарламада.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар