Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) География және табиғатты пайдалану факультетінде оқитын бірінші курс студенті көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қолға түскен. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын Бостандық аудандық полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Алайда тәртіп сақшылары оқиғаның нақты мән-жайын және қылмыстық істің қандай баппен қозғалғанын әзірге құпия сақтап отыр. Әлеуметтік желілерде қайғылы жағдайға қатысты түрлі болжамдар тарағанымен, олардың бірде-бірі ресми түрде расталған жоқ.
Қайғылы оқиғаны жоғары оқу орнының баспасөз қызметі де растап, марқұмның жақындарына көмек беріліп жатқанын жеткізді:
«Қазір полиция оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр. Университет жағдайды объективті анықтауға көмектесуде. Марқұмның отбасына материалдық және моральдық қолдау көрсетіп жатырмыз», — деп мәлімдеді ҚазҰУ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұл - аталған оқу орнында соңғы он күн ішінде бірінші курс студентінің қаза табуына байланысты тіркелген екінші қайғылы жағдай. Бұған дейін, 6 қараша күні университет жатақханасында Журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған болатын. Оның өлімінің себебі әлі күнге дейін жарияланған жоқ. Сол тұста Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тергеу құпиясына байланысты министрлік те, университет те бұл оқиғаға қатысты пікір білдіре алмайтынын айтқан еді. Ал Журналистика факультетінің студенттеріне болған жайтты өзге адамдармен талқылауға тыйым салынған.