Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатов кезекті концертінде жеке өміріне байланысты қоғам сынына астарлы түрде жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі сахна төрінде тұрып, ажырасқаны үшін көпшіліктің сынына ұшырағанын меңзеді. Ол өзінің жеке өміріндегі жағдайларды өзге танымал тұлғалармен салыстыра отырып, егер үйлену тойын жасайтын болса, қоғам тарапынан бойкотқа тап болатынын әзіл-шыны аралас жеткізді:
«Дариға, оған сол керек дедіңіздер. Баян күйеуге шыққанда қалай күшті етіп жаздыңыздар. Мен де қазір әйеліме той көйлек кигізіп қойып, той жасайыншы. Бітті ғой: «оңбаған, осының концертіне кім барып жатыр, бойкот, ешкім бармасын, Қазақстаннан шығарып жіберу керек» деп айтады. Жандарым, тығылып келіп отырған сіздерге рақмет», — деді Тұрсынбек Қабатов.
Залға жиналған көрермендер әзілкештің бұл сөзін ду күлкімен қарсы алғанымен, аталған үзінді әлеуметтік желіде тарағаннан кейін желі қолданушыларының пікірі екіге жарылып, түрлі көзқарастар білдірілді.