Футболдан 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Австрия құрамасын 7:0 есебімен ойсырата жеңіп, жарыстың келесі кезеңіне мерзімінен бұрын жолдама алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Айқын басымдықпен өткен матчта отандастарымыз қарсылас қақпасына жауапсыз жеті гол соқты. Ойынның 19-минутында «Қайрат» клубының тәрбиеленушісі Роман Черноморец есеп ашса, араға екі минут салып «Астана» ойыншысы Ануар Төленді мергендігімен көзге түсті. 24-минутта Ануар Төленді екінші голын соғып, есепті еселей түсті, ал 35-минутта Сәлім Хасанов бірінші таймның нүктесін қойды.
Екінші таймда да шабуыл қарқынын бәсеңдетпеген Қазақстан құрамасы сапынан 60-минутта Ислам Рашидов көзге түссе, 63-минутта Роман Черноморец дубль авторы атанды. Ал кездесудің 78-минутында Ибрахим Асан жетінші голды соғып, матчтың қорытынды есебін тіркеді.
Енді Қазақстан U-17 құрамасы іріктеу кезеңіндегі шешуші кездесуін 17 қараша күні Грузия құрамасына қарсы өткізеді. Өз тобында көш бастап, бірінші орынды иелену үшін отандастарымызға алдағы ойында тең нәтиже де жеткілікті.