Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Көзім шарасынан шығып, шалқамнан түстім»: Тоқтар Серіков ел естімеген құпиясын айтты (ВИДЕО)

«Көзім шарасынан шығып, шалқамнан түстім»: Тоқтар Серіков ел естімеген құпиясын айтты (ВИДЕО)

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, танымал әнші Тоқтар Серіков өнер жолының басталуына ықпал еткен ерекше оқиғаны еске алды. Өнер иесі халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың өзін іздеп, арнайы байқау ұйымдастырғанын айтып берді, деп хабарлайды Alash.kz Malim.kz ақпаратына сүйеніп.

Тоқтар Серіков 2024 жылы "Жақсы адамдарым" бағдарламасына берген сұхбатында жастық шағына оралып, сахнаға алғаш қадам басқан кезіндегі қызықты естелігімен бөлісті.

Әншінің айтуынша, ол 1989 жылы концерттердің бірінде өнер көрсетіп, Алтынбек Қоразбаевтың шығармасын орындаған. Алайда сол кезде ән авторының өзін бұрын-соңды көрмеген екен. Концерт аяқталған соң сахна сыртында ақ костюм киген бейтаныс азамат оны тоқтатып, орындаған әні туралы сұраған.

"1989 жылы концертке шықтым. Сахнадан түсіп кетіп бара жатсам, ақ костюм киген бір кісі пианиноның жанында тұр екен. Мені шақырып алды. Айтқан әнімнің авторын сұрап, аты қалай аталады деді. «Айшаның зары», Алтынбек Қоразбаевтікі дедім. Оған дейін көкемнің түрін көрмегенмін. Тек даусын ғана естіп жүрмін. Танисың ба ол кісіні деп сұрады, иығымды қиқаң еттім, танымаймын дегендей. «Мен Алтынбек Қоразбаевпын» деді. Көзім шарасынан шығып, шалқамнан түстім", – деп еске алды әнші.

Осы кездесуден кейін Алтынбек Қоразбаев жас әншінің өнеріне қызығушылық танытып, оны кейін іздеп табуға уәде берген.

Тоқтар Серіков ұстазының сол кездегі сөздерін ерекше толқыныспен еске алды.

"Мені құшақтап, бір жылдан кейін көшіп келемін, сені тауып аламын. Ешқайда кетіп қалма» деді. Бір жылым, 10 жыл сияқты өтті. Күн санап күттім. Күз болды, қыс өтті көкем жоқ. Уәде берген еді, мені іздеп келуі керек деп үміт үзбедім. Бірақ ешкім келген жоқ", – деді өнер иесі.

Арада біраз уақыт өткенде Тоқтар Серіков Алтынбек Қоразбаевтың жас таланттарды іріктеу үшін арнайы байқау жариялағанын естиді. Бұл жаңалықты естіген жас әнші көп ойланбастан көрсетілген мекенжайға барады. Алайда ол жерге жиналған үміткерлердің көптігіне таңғалған. Оның айтуынша, Алтынбек Қоразбаев байқауға келген балалардың өнерін тыңдап жатқанымен, бастапқыда өзін танымаған.

"Мені алып кетуге келетін көкем сол күйі келмеді. Бір күні «Алтынбек Қоразбаев шәкірт іздеп жатыр екен, мектептен ән айтатын балалар барсын» деген хабарландыру естідім. Қатты қуанып кеттім, мекенжайға барсам, адам қырғын. Амандасып, қолын алдым. Бетіме қараған да жоқ. Өте асығыс екен, тез-тез айтыңдар деді", – деп еске алды ол.

Алайда Тоқтар Серіков әнін бастаған сәтте күтпеген жағдай болған.

Жас өнерпаз «Жалынсың-ау, ғашықтық» әнін орындауға кіріскенде Алтынбек Қоразбаев оның дауысын бірден таныған.

«Содан менің кезегім келіп, «Жалынсың-ау, ғашықтық» деп әнімді бастай бергенім сол еді, көкем орнынан атып тұрды. «Осы ғой менің іздеп жүргенім. Осы баланы таппай жүрмін» деді. Шошып кеттім. Сонда маған бола конкурс ұйымдастырыпты. Менің мектебімді, аты-жөнімді де ұмытып қалыпты», – деді Тоқтар Серіков.

Әншінің сөзінше, Алтынбек Қоразбаев оның есімін және қай мектепте оқитынын ұмытып қалғандықтан, талантты шәкіртін қайта табудың жолын осылай іздеген.

Ақырында екеуі қайта кездесіп, бұл оқиға Тоқтар Серіковтің шығармашылық жолындағы маңызды кезеңдердің біріне айналған.

Бүгінде әнші Алтынбек Қоразбаевты тек өнердегі ұстазы ғана емес, өмірде бағыт-бағдар берген жақын адамы ретінде құрметтейтінін жеткізді.

«Қазір менің ұстазым емес, әкемдей болды», – деді Тоқтар Серіков.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар