Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан дзюдодан әлемдік Гран-при кезеңінде қазақстандық балуан Эсмигүл Куюлова жарыстың финалдық кезеңіне шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
63 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғап жатқан отандасымыз ширек финалда канадалық Джессика Климкейтке қарсы шығып, тартысты өткен белдесуде қарсыласына есе жіберген еді. Алайда жұбаныш белдесуінде венгриялық Бригитта Варганы айқын басымдықпен ұтқан жерлесіміз қола медаль үшін таласуға мүмкіндік алды.
Енді Эсмигүл Куюлова жүлделі үшінші орын үшін өтетін шешуші белдесуде жарыс қожайыны, хорватиялық Ива Оберанмен кездеседі. Финалдық блок бәсекелері бүгін, 14 қараша күні өтеді.
Ал осы турнирде бақ сынаған өзге отандастарымыз — Ажар Асхат (70 келі), сондай-ақ 73 келіге дейінгі салмақта күрескен Данияр Шамшаев пен Бақытжан Абдурахманов жарыс жолын ерте аяқтады.