Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен әнші Димаш Құдайберген 2027 жылға арналған «The Muslim 500» жаһандық рейтингіне енді, деп хабарлайды Alash.kz.
Екеуі де тізімді құрастырушылар тарапынан нақты орын белгіленбейтін 450 қатысушының қатарына қосылған, себебі басылымда реттік орындар тек алғашқы 50 тұлғаға ғана беріледі.
2009 жылдан бері жарық көретін бұл рейтингті Иордания астанасы Амман қаласында орналасқан Корольдік ислам стратегиялық зерттеулер орталығы әзірлейді. Зерттеушілер үміткерлерді мұсылман әлеміне немесе ислам үмбетіне айтарлықтай ықпал ету қабілетіне қарай бағалайды. Әдістемеге сәйкес, мұндай ықпал оң немесе теріс сипатта болуы мүмкін және тұлғаның тізімге енуі авторлардың оның көзқарасын қолдайтынын білдірмейді. Басылымды дайындау барысында қоғамдық көрсеткіштер, ашық номинациялар аясында түскен ұсыныстар мен сарапшылардың пікірлері ескеріледі, сондай-ақ авторлар соңғы бір жылдағы нәтижелерден гөрі адамның бүкіл өмір жолындағы жетістіктеріне жоғары баға береді.
Рейтингте Қасым-Жомарт Тоқаевтың өмірбаянына ерекше тоқталған авторлар оның елді 28 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына 2019 жылы Қазақстан президенті болып сайланғанын және 2022 жылғы қаңтар оқиғаларынан кейін «Жаңа Қазақстан» бағытын ұсынғанын жазған. Ал Димаш Құдайбергенді құрастырушылар алты октавалық дауыс диапазоны бар қазақстандық әнші, ән авторы әрі мультиинструменталист ретінде таныстырған. Оның профилінде Шығыс Азиядағы танымалдығы, Қытай, Ресей және Қазақстандағы музыкалық марапаттары, YouTube желісіндегі жарты миллиардтан астам қаралымы мен Ақтөбе қаласындағы музейі атап өтілген.
2027 жылғы басылымда көш басындағы бірінші орынды бірден бес тұлға өзара бөлісті. Олардың қатарында Сауд Арабиясының королі Салман бин Абдул-Азиз Әл Сауд пен тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман, Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф пен осы елдің қорғаныс күштерінің басшысы Асим Мунир, сондай-ақ Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған бар.
Жалпы тізім саясаткерлерді, дін қайраткерлерін, ғалымдарды, кәсіпкерлерді, мәдениет және спорт өкілдерін біріктіреді. Мәселен, спорт санатында Мұхаммед Салах, Ашраф Хакими, Усман Дембеле, Зинедин Зидан, Ламин Ямаль және Хабиб Нурмагомедов сынды танымал тұлғалар аталған. Басылым барлығы 13 санатты қамтиды, оның ішінде «Ғалымдар», «Саясат», «Қайырымдылық», «Ғылым және технологиялар», «БАҚ», «Инфлюенсерлер және спорт» бөлімдері бар, ал тізімнің соңғы санаты түпнұсқада «Extremists», яғни «Экстремистер» деп аталады.