Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қаралы хабар: Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы дүниеден озды (ФОТО)

Қаралы хабар: Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы дүниеден озды (ФОТО)

Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Ұзақбай Әділов 90 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Alash.kz.

Ұзақбай Хайруллаұлы 1937 жылы 12 шілдеде Атырау облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1960 жылы «Казахстаннефтестрой» мекемесінде шебер және прораб болып бастаған. 1962–1965 жылдары Гурьев қалалық атқару комитетінің құрылыс бөлімінде бас инженер қызметін атқарды.


1965 жылдан 2005 жылға дейін «Казахстаннефтегеофизика», «Гурьевсельстрой», «Эмбанефть» мекемелерінде, сондай-ақ «Мангышлакнефтегазстрой», «СФИНКС», «Қаражанбасмұнай», «Нефтемашсервис» кәсіпорындарында басшылық қызметтерде еңбек етті. Саналы ғұмырын құрылыс саласына арнаған азамат Маңғыстаудың өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымының қалыптасуына зор еңбек сіңірді.

Ұзақбай Хайруллаұлының тікелей басшылығымен Жаңаөзен қаласының, Жетібай мен Қаламқас кен орындарының бірқатар маңызды нысандары бой көтерді. Теңіз кен орнындағы алғашқы ұңғының құрылыс жұмыстарына, Өзен мұнай-газ өндірістік нысандарының, Қаражанбас кен орны инфрақұрылымының қалыптасуына атсалысты. Сондай-ақ жұмысшыларға арналған тұрғын үйлер, компрессор станциясы мен жер астына бу айдайтын 14 блоктан тұратын кешеннің құрылысына жетекшілік етті.

Қазақстан Мұнай министрлігінің тапсырмасымен Йемен Республикасында да еңбек етіп, халықаралық деңгейдегі құрылыс жұмыстарына үлес қосты. Көп жылғы қажырлы еңбегі мен кәсіби біліктілігі еленіп, «Құрмет» орденімен, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы», «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдығына арналған мерекелік медальдармен марапатталды. Сондай-ақ Маңғыстау облысының 40 жылдығына арналған төсбелгіге ие болды.

Марқұм саналы ғұмырын құрылыс саласына арнап, Маңғыстау облысының қалыптасуы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өркендеуіне айрықша үлес қосқан. Ұзақбай Әділовтің отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтып, марқұмның иманы саламат болуын тілейміз.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар