Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы Үкімет сағаты «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру барысына арналды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бүгін, 16 қараша күні өткен жиында Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Зәкиева баяндама жасап, еліміздегі балалардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі реформаларға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда шамамен 7 миллион бала тұрады, бұл — ел халқының үштен бірі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен балалардың құқықтарын қорғау саласында ауқымды реформалар жүргізілуде. Атап айтқанда, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылып, «Келешек» жүйесі енгізілді. Бес жыл ішінде елімізде 1000-нан астам мектеп салынып, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда, сондай-ақ 54 оңалту орталығы ашылды. Бұдан бөлек, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға қатысты 11 заң қабылданып, арнайы басқармалар құрылды», — деді Динара Зәкиева.
Сонымен қатар спикер қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар мен балаларды ерте анықтау үшін цифрлық құралдардың тиімді жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Мобильдік топтар мен 160 отбасын қолдау орталығына «FSM Social» жүйесі енгізіліп, «111» бірыңғай байланыс орталығы, барлық мектептерде «QR 111» тетігі және «Балажан» психологиялық қолдау платформасы іске қосылған. Осы механизмдердің арқасында соңғы үш жылда көмекке мұқтаж 300 мыңнан астам бала дер кезінде анықталып, қолдау тапқан. Бұдан бөлек, мектептерде қауіпсіздік сабақтары мен «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізілген.
Құрылтай Төрағасы орынбасарының мәліметінше, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және қауіпсіздік салаларындағы тетіктерді біріктіреді. Құжатта 70-тен астам жүйелі мәселені шешуге бағытталған 158 іс-шара қамтылған. Оның ішінде баланың Бірыңғай цифрлық маршрутын енгізуден бастап, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 111 мекеменің 44-іне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Тұжырымдама міндеттерін жүзеге асыру үшін депутаттар үш заң жобасын әзірлеген. Соның бірі — «Балалардың цифрлық және ақпараттық қауіпсіздігі туралы» жаңа заң жобасы.
«Бұл — заңдық ойлау қабілеті бар жасанды интеллект енгізілген AI Құрылтай цифрлық интеллектуалдық ортасында әзірленген алғашқы заң жобасы. 800 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акт біріктірілген арнайы заңдық модель заң жобасының мәтінін қалыптастыруда тікелей қолданылды. Барлығы 120-дан астам түзету қамтылған бұл ұсыныстардың барлығы депутаттардың, заңгерлер мен ақпараттық қауіпсіздік сарапшыларының сүзгісінен өтіп, пысықталды. Қазір құжат Үкіметтің қорытындысына жолданып отыр», — деп түсіндірді Құрылтай Төрағасының орынбасары.
Жаңа заң жобасында балаларды цифрлық қатерлерден қорғаудың нақты тетіктері қарастырылған:
-
Онлайн-ойындарды қоса алғанда, барлық цифрлық және ақпараттық өнімдерге қауіп-қатерлерді (чат арқылы хат алмасу, ойын ішіндегі сатып алулар) сипаттайтын міндетті таңбалау енгізіледі;
-
Уәкілетті орган тарапынан міндетті верификация жүргізіліп, қауіпті өнімдерді бұғаттау немесе жою талап етіледі, ал заң бұзған платформа иелеріне жауапкершілік жүктеледі;
-
Кәмелетке толмағандардың электрондық сауда алаңдарында (маркетплейстерде) тауар сатып алу тәртібі реттеледі;
-
Барлық цифрлық платформаларға «ата-ана бақылауы» функциясын енгізу міндеттеліп, таңбаланбаған қосымшалар мен ойындарды балалардың көруіне және жүктеуіне шектеу қойылады;
-
Баланың жеке басын дәл сәйкестендіру және құқықтарын цифрлық сүйемелдеу мақсатында фотосуреті бар балаларға арналған ID-карталар енгізу көзделген.
Осы механизмдердің арқасында соңғы үш жылда көмекке мұқтаж 300 мыңнан астам бала дер кезінде анықталып, қолдау тапқан.
«Әр санның артында баланың тағдыры жатыр», — деп атап өтті Динара Зәкиева.
Бұдан бөлек, мектептерде қауіпсіздік сабақтары мен «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы енгізілген
Сонымен қатар Динара Зәкиева қараша айына дейін орындалуы тиіс 66 іс-шара аясында депутаттардың 12 міндет бойынша нақты ұсыныстар бергенін жеткізді. Соның нәтижесінде Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беру кабинеттерін ашу, педагог-ассистенттердің міндеттері мен мұғалімдерді оқытуға қатысты бұйрықты қабылдады — бұл шешім 200 мыңнан астам баланың мүддесін қорғайды.
Алайда депутаттар кешкі мектептерге қатысты түйткілді мәселеге алаңдаушылық білдірді. Елімізде жұмыс істейтін 40 кешкі мектепті тексеру барысында кейбір балалардың ата-аналарының талабымен үй шаруасына көмектесу немесе бауырларына қарау үшін ауыстырылғаны анықталған.
«Кейбір мектептер балаға қажетті қолдау көрсетудің орнына, «онымен жұмыс істеу қиын» деп, кешкі мектепке ауыстыра салады. Бұл балалардың қауіпсіздігіне қосымша қауіп төндіреді. Өйткені тоғыз айдың өзінде кешкі мектептерге 941 бала ауыстырылған. Осыған байланысты біз аталған мәселені реттейтін бұйрықты қабылдау процесін жеделдетудің маңыздылығына Оқу-ағарту министрлігінің назарын аудардық. Негізі бұйрықты қабылдау мерзімі қыркүйек айы еді, енді жақын арада қабылданады деп үміттенеміз», — деді Динара Зәкиева.
Айта кетейік, Үкімет сағатына Оқу-ағарту министрі, сондай-ақ денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ғылым және жоғары білім, ішкі істер, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері мен өңірлік уәкілдер бейнеконференцбайланыс арқылы қатысты.