«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталуына байланысты ресми мәлімдеме жасап, тергеу органдарына жан-жақты жәрдем көрсететінін хабарлады, деп жазады Alash.kz.
11 қараша күні «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны белгілі болған еді. Кейін бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) ресми түрде растады. Ведомствоның дерегінше, аталған екі басшы мен тағы бірнеше тұлға сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыс жасады деген күдікке ілінген, алайда тергеудің нақты мән-жайы әзірге жария етілген жоқ.
Осы жағдайға байланысты ұлттық компания өз қызметінің қалыпты жалғасып жатқанын және барлық серіктестер алдындағы міндеттемелердің толық орындалатынын мәлімдеді:
«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ («ҚТЖ» ҰК» АҚ) «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы мен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасын ұстау туралы 2026 жылғы 12 қарашадағы жария хабарламаны сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде назарға алады. «ҚТЖ» ҰК» АҚ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде қажетті өзара іс-қимылды және сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынуды қамтамасыз ете отырып, құқық қорғау органдарына жан-жақты жәрдем көрсетеді. Осы хабарламаны дайындау кезінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ жария түрде айтылғаннан басқа, осы мәселе бойынша ақпаратқа ие емес. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мәліметтері жария етілуге жатпайды. Осыған байланысты «ҚТЖ» ҰК» АҚ осы кезеңде қосымша түсініктемелер бере алмайды. «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниялар тобы өз қызметін штаттық режимде жүзеге асыруды жалғастыруда және «ҚТЖ» ҰК» АҚ инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары мен іскерлік әріптестер алдындағы барлық міндеттемелердің өз күшін сақтап қалатынын және қолданыстағы келісімдердің талаптарына сәйкес орындалатынын растайды», — делінген компанияның баспасөз хабарламасында.
Осылайша, ұлттық тасымалдаушы құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп жұмыс істеуге және тергеуге қажетті барлық құжаттар мен мәліметтерді заң аясында табыстауға дайын екенін жеткізді.