Қарағанды облысында 20 қыркүйекте із-түзсіз жоғалып кеткен 38 жастағы Ирина Керн бірнеше аптаға созылған іздестіру жұмыстарынан кейін өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Құқық қорғау органдары марқұмның бөлшектелген денесін Теміртау қаласынан 22 шақырым қашықтықта орналасқан шипажайлардың бірінің аумағынан анықтаған. Айуандықпен жасалған кісі өлтіру дерегіне байланысты полиция қызметкерлері әйелдің 40 жастағы азаматтық некедегі күйеуін күдікті ретінде қолға түсірді.
Тергеу деректеріне сәйкес, қылмысқа барған ер адам әрекетін жасыру мақсатында аса салқынқандылық танытқан. Полиция, еріктілер мен туыстары әйелді тірі табудан үміттеніп, маңайды түгел тінтіп жүрген сәтте күдікті өзіне деген күмәнді сейілту үшін қайғырған кейіп танытып, іздеу шараларына белсене араласқан.
Қазіргі уақытта қатыгездікпен кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын егжей-тегжейлі анықтау үстінде. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдің артында үш баласы жетім қалды, олардың ең кішісі небәрі үш жаста.