Оңтүстік Кореяның Чхунбук провинциясында қазақстандық 20 жастағы жігіт пен оның анасының мәйіті табылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Тергеу барысында қайғылы оқиғаға телефон алаяқтарының әрекеті себеп болғаны белгілі болды. Жас жігіт қаскөйлердің арбауына түсіп, шамамен 17 миллион теңге қаражатынан айырылып қалған. Өздерін прокурор ретінде таныстырған алаяқтар оған аты-жөні қылмыстық іске қатысты екенін айтып қорқытқан. Олар «өзін-өзі оқшаулау» деп аталатын айла-тәсілді қолданып, жігітті мотельге орналасуға және туыстарымен барлық байланысты үзуге көндірген. Кейін оған криптовалюта сатып алғызып, барлық ақшаны өздері көрсеткен электронды әмиянға аудартқан.
Құқық қорғау органдары жүргізген тергеу нәтижесінде бұл қылмыстық топтың Қазақстан аумағында, нақтырақ айтқанда Алматы қаласында отырып әрекет еткені анықталды. Полицияның дерегінше, алаяқтар 2026 жылдың наурыз бен маусым айлары аралығында 100-ден астам адамды алдап, жалпы сомасы 5,8 миллиард вон (шамамен 2 миллиард теңге) қаржыны жымқырған.
Айта кетейік, шілде айында Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның тәртіп сақшылары бірлескен арнайы операция жүргізіп, аталған топтың 19 мүшесін қолға түсірген болатын. Күдіктілердің бұған дейін Камбоджа, Таиланд және Вьетнам елдерінде де осындай заңсыз байланыс орталықтарын ашқаны белгілі болды.
Осы қайғылы жағдайдан кейін Оңтүстік Корея тарапы траншекаралық киберқылмыспен күресу үшін Қазақстанда арнайы полиция бөлімшесін ашу туралы бастама көтерді. Қазіргі уақытта Корея полициясы бұл мәселеге байланысты Сыртқы істер министрлігіне ресми өтініш жолдады.