Бүгін, 16 қараша күні Ақтөбе қаласында оқ жарақаттары бар 49 жастағы ер адамның мәйіті табылып, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Алдын ала тергеу мәліметтеріне сәйкес, қайғылы оқиға жеке тұрғын үйге жасалған қарақшылық шабуыл салдарынан орын алған. Бетперде киген белгісіз қаскөй үйге баса-көктеп кіріп, ақша мен бағалы заттарды қолды қылған, сондай-ақ марқұмның автокөлігіне мініп, оқиға орнынан ізін суытқан.
Құқық қорғау органдары аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған кешенді жедел-іздестіру шараларын жүргізуде.
Айта кетейік, бұған дейін Богослов трассасында криминалистердің жұмыс істеп жатқаны жөнінде ақпарат тараған болатын. Сонымен қатар желіде қаза тапқан азаматтың Ақтөбедегі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің (ЖШС) бірінің басшысы болуы мүмкін екені туралы мәліметтер айтылуда, алайда полиция департаменті бұл деректерді әзірге ресми түрде растаған жоқ.