Әлеуметтік желілерде қызу талқыланған 12 жастағы қызын ернінен сүйген әкеге қатысты тексеру жұмыстары аяқталып, Ішкі істер министрлігі бұл әрекеттен құқық бұзушылық белгілерін таппады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ведомствоның мәліметінше, аталған оқиғада қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамы анықталмаған. Осыған байланысты материалдар номенклатуралық істер қатарына енгізіліп, тексеру тоқтатылды. Еске салайық, бұған дейін желіде ер адамның кәмелетке толмаған қызын ернінен сүйіп жатқан сәті түсірілген бейнежазба тарап, қоғамдық резонанс тудырған соң құқық қорғау органдары тексеру бастаған еді.
Дегенмен Оқу-ағарту министрлігі бұл жағдайға қатысты өзгеше ұстаным білдіріп, мұндай қарым-қатынас форматына мүлдем жол беруге болмайтынын мәлімдеді. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова білім беру ұйымдарында енгізілген «Жеке қауіпсіздік» атты жаңа курс туралы еске салды. Аталған бағдарлама аясында мектеп оқушыларына жеке шекарасын қорғау жолдары, сондай-ақ қандай жанасуға рұқсат етілетіні және қандай әрекеттердің орынсыз екені жан-жақты түсіндіріледі.