Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Есеп үшін емес, нәтиже үшін жұмыс істеу керек»: Асхат Аймағамбетов балалар қауіпсіздігін сынға алды (ВИДЕО)

«Есеп үшін емес, нәтиже үшін жұмыс істеу керек»: Асхат Аймағамбетов балалар қауіпсіздігін сынға алды (ВИДЕО)

Қазақстан Республикасы Құрылтайының «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру барысына арналған Үкімет сағатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов қосымша баяндама жасап, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз етудегі жүйелі кемшіліктерді сынға алды, деп хабарлайды Alash.kz.

Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен және жаңа Конституцияда бекітілген «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында ауқымды жұмыс атқарылып, «Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» жобалары іске қосылған. Алайда Тұжырымдамадағы 158 іс-шараның биылға жоспарланған 94 тармағының 55-і жыл соңына дейін аяқталуы тиіс болғанымен, қалған бір жарым ай ішінде олардың сапалы орындалуы алаңдаушылық тудырып отыр.

«Сондықтан үш нәрсені ажырата білу қажет: іс-шара орындалды, тетік енгізілді, нәтиже алынды. Мысалы, есепте зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалардан жауап алу жөніндегі әдістемелік ұсынымдар Ішкі істер министрлігіне жолданғаны көрсетілген, яғни бұл тармақ жабылды деп есептеледі. Бірақ тергеушілер бұл тәсілдерді қашан қолдана бастайды? Бала үшін не өзгерді? Кез келген іс-шараны орындалды деп санау үшін оның нақты балаға не бергенін бағалауымыз керек», — деді Асхат Аймағамбетов.

Комитет төрағасы ведомствоаралық үйлестіру мәселесіне де тоқталды. Бүгінде Тұжырымдаманы іске асыруға 16 орталық мемлекеттік орган мен барлық өңір қатысуда: Оқу-ағарту министрлігіне 57, Денсаулық сақтау министрлігіне 27, ал 20 әкімдікке 49 іс-шара жүктелген. Алайда бақылаушы орган саналатын Оқу-ағарту министрлігінің өзге министрліктер мен жергілікті бюджетке ықпал ету құзыреті жоқ, сондықтан үйлестіру тетігі Үкімет деңгейінде бекітілуі тиіс.

Баяндамада кадр тапшылығы мен мамандардың жалақысы басты түйткіл ретінде аталды. Қорғаншылық органдарындағы мамандар саны 303-тен 1029-ға жетіп, өңірлерде арнайы басқармалар құрылғанымен, норматив бойынша кадр әлі де жетіспейді.

«Психологтар, әлеуметтік және арнайы педагогтарға қатысты жағдай бұдан да күрделі. Арнайы педагогтардың тапшылығы әлі күнге дейін шешілген жоқ. Мұндағы басты фактор — жалақы. Лайықты жалақы мен үстемеақысыз, әсіресе шалғай аудандарға мамандарды тарту өте қиын. Біз зорлық-зомбылықты, буллингті, суицидтік қауіпті анықтау әдістемелерін енгізіп жатырмыз. Бірақ мәселе анықталғаннан кейін оны шешетін маман табылмаса не болмақ? Сондықтан жалақы мәселесін шешу қажет», — деп атап өтті комитет төрағасы.

Сондай-ақ депутат балалардың дербес деректері қорғалған бірыңғай ақпараттық жүйе қалыптастыру және қауіптің көзін тікелей жою қажеттігін алға тартты. Бүгінде отбасылардың 42 пайызында терезелерде қорғаныс құлыптары жоқ, ал қолданыстағы талап тек жаңа құрылысқа ғана қатысты. Осыған байланысты ескі тұрғын үйлердегі осал және кішкентай балалары бар отбасыларға арнайы терезе құлыптары мен улы газ датчиктерін орнату, мектеп маңындағы өткелдерді жабдықтау және балаларды жүзуге үйрету тетіктерін енгізу ұсынылды.

Цифрлық орта мен денсаулық сақтау саласындағы жаңа қатерлерге тоқталған Асхат Аймағамбетов Құрылтайда 16 жасқа дейінгі балалардың платформаларда тіркелуін шектейтін заң жобасы қаралып жатқанын және мектепте смартфон қолдану тәртібін халықаралық тәжірибе негізінде реттеу керектігін жеткізді. Сонымен қатар жасөспірімдерді интернет арқылы есірткі жасырушы (закладчик) және дроппер ретінде тарту, сусынға есірткі қосып беру (спайкинг) фактілері мен фастфуд, энергетикалық сусындардың зиянына ерекше назар аударылды.

«Ерте даму бойынша диагностика, түзету, оңалту және әлеуметтік көмек бүгінде әртүрлі ведомстволық жүйелерде орналасқан. Нақты мерзімдері мен қаржыландыруы бар бірыңғай маршрут қажет. Үш жасар бала үшін бір жыл күту — оның бүкіл өмірінің үштен біріне тең. Сондықтан бұл бағытта түбегейлі өзгерістер керек», — деді Асхат Аймағамбетов.

Бұдан бөлек, депутат ауылдық мәдениет үйлеріндегі тегін үйірмелер мен профилактикалық есепте тұрған балаларды секцияларға проактивті қабылдау нормасының орындалуын бақылауды, ал 2027 жылдан басталатын өңірлік инфрақұрылымдық жоспарларда сандық есептен гөрі нақты нәтижеге (оңалтуды күту уақытын қысқарту, балалар өлімін азайту) басымдық беруді талап етті.

Қорытындылай келе, Әлеуметтік-мәдени даму комитеті қазіргі таңда алты заңнамалық бастама бойынша жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Олар:

  • Балалардың денсаулығын зиянды өнімдер мен энергетикалық сусындардан қорғау;

  • Ерекше қажеттіліктері бар балаларға ерте көмек көрсетудің бірыңғай маршрутын бекіту;

  • Балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мен киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету;

  • Аз қамтылған отбасылардағы балалардың өрт қауіпсіздігін күшейту (улы газ датчиктері);

  • Спайкингке қарсы заңнамалық түзетулер енгізу;

  • Мектептегі тамақтандыруды бақылаудың жаңа тәсілін (алғашқы тексеруде айыппұл емес, әдістемелік көмек көрсету және қаржы бөлмеген органды жауапқа тарту) өрт қауіпсіздігі мен өзге де балалар қауіпсіздігі салаларына тарату.

Сондай-ақ Комитеттің 20 мүшесі өңірлерге сапары барысында қабылданған заңдар мен заңға тәуелді актілердің жергілікті жерлерде іс жүзінде орындалуын жеке бақылауында ұстайтын болады.

«Бүгін біз бір ғана министрліктің жұмысын қарап отырған жоқпыз. Балалық шақ мемлекеттік саясаттың барлық салаларын қамтиды. Сондықтан Тұжырымдаманың орындалуы — Үкіметтің, әкімдіктердің және Құрылтайдың ортақ жауапкершілігі. Біздің мақсатымыз — еліміздегі жеті миллионға жуық баланың өміріне нақты өзгерістер әкелу», — деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар