Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«ҰҚК төрағасы қызметінен неге кетті?»: Президенттің баспасөз хатшысы ресми түсініктеме берді

«ҰҚК төрағасы қызметінен неге кетті?»: Президенттің баспасөз хатшысы ресми түсініктеме берді

Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Ермек Сағымбаевтың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босатылу себебі мен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жариялануына қатысты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Alash.kz.

Баспасөз хатшысының айтуынша, арнаулы қызмет басшысын ауыстыру туралы шешім оның басқа жұмысқа өтуімен және ведомствоны реформалау мақсатында басшылық кадрларды ротациялау қажеттілігімен байланысты қабылданған:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босату жөнінде шешім қабылдады. Президент аталған арнайы қызметті реформалау міндетін табысты орындау мақсатында басшылық кадрлардың орнын ауыстыру қажеттігін ескере отырып, осындай шешімге келді», — деді Айбек Смадияров.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл кадрлық шешімді қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлыққа қатысты іс фигуранттарының ұсталуын және күштік құрылымдар тарапынан жіберілген олқылықтарды назарға алған. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де қызметтік жаза қолданылды:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды. Жалпы, «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайды. Оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растады. Президент жүргізіліп жатқан тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болды. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты берік ұстанымы өзгермейді», — деп атап өтті Президенттің баспасөз хатшысы.

Бұдан бөлек, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен арнайы кеңес өткізді. Жиын барысында министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасындағы тәрбие жұмыстарын күшейтіп, тәртіпті нығайту міндеттелді:

«Сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді. Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды, «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді атқару барысында полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды. Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмыстарын күшейту керек екені айтылды», — деп түйіндеді Айбек Смадияров.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар