Абай облысында бес күн бойы іздестіріліп, мәйіті Бородулиха ауданынан табылған белгілі кәсіпкер Ринат Ахметовтің өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 44 жастағы азаматтың қазасынан қылмыстық әрекет белгілері анықталмаған — кәсіпкер елсіз далада қатты тоңып, үсік шалу салдарынан көз жұмған. Еске салайық, Семейдегі жанармай құю бекеттері желісінің иесі Ринат Ахметов 4 қараша күні із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Оны іздеуге 60-тан астам полиция қызметкері, арнайы бөлімшелер, әскери қызметшілер мен ондаған техника жұмылдырылды. Бастапқыда құқық қорғау органдары кәсіпкерді ұрлап әкету немесе тапсырыспен өлтіру нұсқаларын да қарастырғанымен, тергеу барысында бұл болжамдар расталмады.
Тәртіп сақшыларының анықтауынша, кәсіпкер көлігімен аптасына бір рет қана көлік өтетін, адам сирек жүретін қара жолмен келе жатқан. Сол сәтте көлігі жыраға түсіп, қар мен лайға батып қалған. Темір тұлпарын өз күшімен шығара алмаған азаматтың ұялы телефонының қуаты да таусылып, ешкімге хабарласуға мүмкіндігі болмаған. Жолдан өтер көлік кездеспеген соң, ол жақын маңдағы елді мекенге дейін ашық дала арқылы шамамен 35 шақырым жерді жаяу жүріп өтуге бекінген, алайда жолда үсікке шалдыққан.
Ведомство өкілдері тергеу қорытындысы мен марқұмның жеке заттарының неліктен әр жерден табылғанын былайша түсіндірді:
«Жоғалған азаматтың белгілі кәсіпкер болғанын ескеріп, алғашқы күндерден бастап оның жоғалуына қылмыстық әрекеттің қатысы болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығармадық. Сондықтан іздестіру жұмыстарына жеке құрам мен техниканы барынша жұмылдырдық. Бірақ тергеу барысында бұл оқиғаның қылмысқа қатысы жоқ екені анықталды. Ер адам қатты тоңып, денесі үсіп кету салдарынан көз жұмған. Қатты үсу кезінде адам бойын жалған жылу сезімі билеп, үстіндегі киімдерін шеше бастайды. Іздестірушілердің кәсіпкердің қуаты таусылған телефоны мен киімдерінің бір бөлігін мәйіті табылған жерден едәуір қашықтықтан анықтауы осы жағдаймен түсіндіріледі», — деп мәлімдеді Абай облыстық полиция департаменті.