Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен Kazgeodesy картографиялық деректерін қазақстандық Qajet такси сервисіне біріктіру мәселесі бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Alash.kz.
Жоба мемлекеттік цифрлық карталарды жолаушылар тасымалы жағдайында алғаш рет сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Жоба аясында отандық деректер негізінде мекенжай бойынша іздеу, геокодтау және маршрут құру бағыттары дамиды.
Технологиялық негіз ретінде Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының мәліметтері мен Kazgeodesy компаниясының цифрлық картография және навигация саласындағы өз әзірлемелері пайдаланылады. Кеңесте жол желісі деректерінің өзектілігі, мекенжайлар мен нысандарды анықтау дәлдігі, сондай-ақ картографиялық ақпаратты үнемі жаңартып отыру мәселелері де талқыланды.
Өзіміздің навигациялық технологияларымызды дамыту – цифрлық мемлекет құрудың маңызды бағыттарының бірі. Болашақта отандық геосервистерді такси агрегаторлары, жеткізу қызметтері, логистикалық компаниялар және өзге де цифрлық платформалар қолдана алады.
Qajet сервисімен интеграциялау – мемлекет, бизнес және азаматтар үшін қолжетімді қазақстандық цифрлық карталар экожүйесін қалыптастыру жолындағы нақты қадам болады.