Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттің қайғылы қазасынан кейін жауапты лауазымды тұлғаларға қатысты қатаң кадрлық шешімдер қабылданып, проректор мен факультет деканы қызметінен босатылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқу орнының ресми мәлімдемесіне сәйкес, тәрбие жұмысын ақсатқаны және жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы жұмыстан шығарылды. Сонымен қатар қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған жауапты қызметкерлер де қызметтерінен шеттетілген.
Қазіргі уақытта ҚазҰУ-дың барлық жатақханасында кешкі бақылау күшейтіліп, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға кәсіби психологиялық көмек көрсету бағытында қосымша шаралар қолға алынды. Университет басшылығы тергеу органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын және аталған істің әділ әрі ашық тергелуіне мүдделі екенін атап өтті.