Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Неге күдікті біреу ғана?»: ҚазҰУ жатақханасында қаза болған студенттің жақындары уәждерін айтты

«Неге күдікті біреу ғана?»: ҚазҰУ жатақханасында қаза болған студенттің жақындары уәждерін айтты

ҚазҰУ-да қаза тапқан бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай туыстарына жатақханада жоғары курс студенттері тарапынан әлімжеттік көрсетілетінін бірнеше рет айтқан, деп жазады Alash.kz Ulysmedia.kz ақпаратына сүйеніп. 

Марқұмның туысының сөзінше, ол бұған дейін де студенттердің түрлі сылтаумен мазасын алып, түн ішінде дүкенге жұмсайтынын жеткізген. Ал 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні Дауыл мен тағы бір бірінші курс студентін сегіз екінші курс студенті жабылып ұрған. Туысының айтуынша, мәйітханада өлім себебі жүрек тұсына тиген ауыр соққы деп түсіндірілген. Сонымен қатар, ол университет өкілдері оқиғаның мән-жайына қатысты бастапқыда бір-біріне қайшы ақпарат бергенін айтады. 

«Ұнамайсыңдар деп ұрған»

Оқиға туысының айтуынша, жатақхана бөлмесінде 15-інен 16-сына қараған түні болған екен. Екінші курстың сегіз баласы екі бірінші курс студенті – Дауыл Бәкіртай мен тағы бір баланы жабылып ұрған.

– Олар түнде жатақхананың бір бөлмесіне шақырып алып, жабылып ұрған екен. Артынша анықтағанымыздай, ол сол түні университетте өтетін бір шараға дайындалған екен. Одан кейін мына інім Дауыл Бәкіртайды және тағы да бір баланы шақырып алып, тиісіп бастаған. Шамасы, шараға дайындық кезінде бір нәрсеге келісе алмай қалды ма, білмеймін. Келіп тиісіп бастаған. Қасындағы жәбір көрген баланың бізге айтқаны бойынша, неге тиісіп жатсыңдар дегенде: «Жай, сендер бізге ұнамайсыңдар», – деп ұрған екен, – деді туыс әпкесі.

«Жүрек тұсына тиген ауыр соққыдан қайтыс болды»

Сонымен қатар, туыс әпкесінің айтуынша, Дауылдың қасындағы жәбір көрген жігіт олар жабылып ұрған кезде алғашында бала талып қалды деп ойлап, жедел жәрдемді кеш шақырған. Мәйітханада студенттің жүрек тұсынан аяусыз соққы алғаны және содан қайтыс болғаны айтылған.

– Басында Дауылды аяусыз ұрған, артынша ол жерге құлаған кезде екінші курстың студенттері оны талып қалды деп ойлаған. Содан оны есін жиғызу үшін қасындағы досына оның екі аяғын аспанға қаратып қоюды тапсырған. Оқиға шамамен түнгі он екіден өте болған, олар жедел жәрдемді бір жарымда шақырған. Сонда арада бір жарым сағаттай уақыт текке кетті. Егер олар жедел жәрдемді ертерек шақырса, мүмкін, аман қалар ма еді. Біз мәйітханаға барғанда, Дауылдың өлім себебін анықтау үшін мәйітке патологоанатомиялық зерттеу жүргізіп, денесін тілмелеп тастаған. Осы оқиғаның бәрін біз бала өліп қалған соң, таңғы сағат төрттен өте естідік. Мәйітханада өлімнің себебі ретінде бізге жүрек тұсына тиген ауыр соққыдан қайтыс болды деп айтты. Шынымен де, көкірек тұсы көгеріп әрі қызарып кеткен, – дейді Ұлдана Сегізбай.

Туысының айтуынша, бала осыдан бір күн бұрын Алматыдағы туысының үйіне келгенде, жоғары курстың студенттері тыныштық бермей, сынықтан сылтау іздеп тиісетінін айтқан екен.

– Қаза боларының алдында туысымыздың үйіне келгенде, жоғары курс студенттері әлімжеттік көрсетіп, мазасын алатынын айтты. Біресе дүкенге бар, біресе тағы басқа деп тыныштығын алып жүрген. Сол күні көңіл күйі болмай отырған еді. Ол жерде әлімжеттік деген қатты болады екен. Екінші курсқа сіз деп сөйлеу керек, қол алып амандасу керек, тіпті екінші курстың қыздарын алыстан көре салысымен тіке қарамай, бірден амандасу керек деген сияқты миға сыймайтын өздерінің заңдарын орнатып алған. Сонымен қатар, түн ішінде тұрғызып алып, дүкенге жұмсайтындары тағы бар екен. Алайда біз ол жерде осындай адам өлтіруге дейін баратын әлімжеттік орнағанын білмедік, – дейді Ұлдана Егізбай.

«Неге күдікті біреу ғана?»

Әлімжеттік танытты деген екінші курстың студенттері Батыстың балалары болғандықтан, жатақханада оларды «Шымкенттік» деп бөлектейтінін айтты туыс әпкесі. Сондай ақ, марқұмның туыстары топ болып жабылса, неге бір ғана бала күдікті деп отырғанын түсіне алар емес.

– Біздегі бар ақпарат бойынша, оқиға болғаннан кейін сегіз баланы да полицияға алып кеткен, алайда күдікті деп біреуін ғана танып отыр. Неге күдікті біреу ғана? Біз оған келіспейміз. Бұл топ болып жабылып адам өлтіру болып саналады, – деді туыс әпкесі.

Туысының айтуынша, қазір тарап жатқан балада демікпесі бар екен деген ақпарат жалған. Бала ешқандай аурумен ауырмаған. Алайда Дауылдың ауыр хәлін хабарлағанда, декан баланы ауруханаға қызуы көтеріліп кеткен деп айтқан.

– Бізге декан басында бала температурамен кетті деп айтты. Артынша олай емес екен ғой, төбелес болған екен дегенімізде, декан бізге: «Ешқандай төбелес болмады, мен балалардың қасында болдым түні бойы», – деп айтты. Артынша декан келіп, Дауылдың мұрнына себетін спрейі болатын, соны көрсетіп, өзі ауырып жүрген екен деп, ананы не мынаны бір сылтау етіп, өлімінің себебін барынша жасырғысы келді, – дейді ол.

Бұған дейін университеттің баспасөз қызметі қазіргі таңда қайтыс болған баланың отбасына моральдық әрі материалдық көмек көрсетіліп жатқанын айтқан еді. Біз туыстарынан ЖОО тарапынан нақты қандай әрекет жасалып жатқанын немесе қандай көмек көрсетіліп жатқанын сұрадық.

– Ешқандай көмек жоқ, олар бар мәліметті жасырғысы келетін сияқты. Себебі біз өзіміз деканатқа хабарласып, бәрін сұрап жатырмыз. Екі түрлі сөйлеген соң, біз де одан әрі жарытып ештеңе айтпайтынын білдік. Ешкім бізбен хабарға да шыққан жоқ, – деді туысы.

16 қарашада әлеуметтік желілерде әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенті қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Кейін оның география және табиғатты пайдалану факультетінде оқығаны белгілі болды. ҚазҰУ баспасөз қызметі студенттің қазасын растағанымен, оқиғаның нақты мән-жайын жарияламады. Университет отбасыға материалдық және моральдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Ал Алматы қаласының полиция департаменті Бостандық аудандық полиция басқармасында қылмыстық іс қозғалғанын және күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Алайда оқиғаның қалай болғаны және оған кімдердің қатысы бары туралы толық ақпарат берілген жоқ

Айта кетейік, бұл – ҚазҰУ-де он күн ішінде тіркелген екінші студент өлімі. Бұған дейін, 6 қарашада университеттің журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмған еді. Әлеуметтік желілерде оның өз-өзіне қол жұмсағаны туралы болжам тарағанымен, бұл нұсқа ресми түрде расталған жоқ. Полиция аталған дерек бойынша да қылмыстық іс қозғаған. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар