Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында берген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Вице-Президент Ерлан Қарин кәсіби мамандармен тіл нормаларын жетілдіру мәселесін талқылады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ақорданың мәліметінше, жиынға Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктері, көрнекті тілтанушы ғалымдар, сала мамандары, Құрылтай депутаттары, Үкімет пен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында осы саладағы жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру, ұсыныстар мен пікірлерді саралап, ережелерді бекіту мәселелері қаралды.
– Президент «Қазақ тілі» қоғамының жуырда өткен құрылтайында қазақ тілінің емлесі мен ережесін жүйелеу, сөздіктерді жаңарту, қолданыстағы сөздер мен ұғымдарды біріздендіру, сөздік қорымызды цифрлық форматқа көшіру секілді маңызды мәселелерге назар аударған болатын. Бұл іргелі бастама ел ішінде кең қолдау тапты. Соның негізінде отандық ғалымдар мен сала мамандары ұлттық ауқымдағы үлкен жобаға кіріседі. Оларға маңызды тарихи миссия жүктеліп отыр, – деді Ерлан Қарин.
Вице-Президенттің айтуынша, аталған қадамдар қазақ тілінің бүгінгі қолданысын реттеп қана қоймай, оның болашақтағы дамуына берік негіз қалайды.
– Ғалымдар мен сарапшылардың алдында тұрған басты міндет – қазақ тілінің нормативтік негіздерін бір жүйеге келтіріп, оның келешекте қарыштап дамуын қамтамасыз ететін жаңа ғылыми, ұйымдастырушылық және технологиялық инфрақұрылым қалыптастыру. Бұл қадам қазақ тілін одан әрі жетілдіруге оң ықпал етеді. Сондықтан бұл іспен, ең алдымен, ғалымдар мен кәсіби мамандар айналысуы керек. Сәкен Сейфуллиннің «Қазақ тілі кеңсе тіліне айналмай іс оңбайды» деген кең таралған сөзіне енді басқа пайым тұрғысынан қарау керек. Яғни, қазақ тілі ғылым мен инновация тіліне айналмай, ісіміз ілгерілемейді, – деді Ерлан Қарин.
Жиында тіл жанашырлары мен мамандары осындай тарихи маңызы бар бастамамен айналысуға мүмкіндік беріп, сенім артқан Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Жалпы, жоба аясында нормалар мен ережелерге арналған 6 анықтамалықты, 19 негізгі сөздікті, соның ішінде орфографиялық, орфоэпиялық, түсіндірме, грамматикалық, этимологиялық, терминологиялық сөздіктерді әзірлеу жоспарланып отыр. Одан бөлек, 9 академиялық аударма сөздігі дайындалады. Осы еңбектердің барлығы «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі» ұлттық цифрлық платформасына жинақталып, баршаға қолжетімді болады.