Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында елімізде құқыққа қайшы контент таратқан онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдарының жауаптылығы айтарлықтай күшейтілмек, деп хабарлайды Alash.kz.
Құрылтайдың жалпы отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салатын «Онлайн-платформалар және масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын және оған ілеспе Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізуді көздейтін құжатты таныстырды. Депутаттар аталған заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Министрдің айтуынша, платформа иелері мен олардың өкілдіктері пайдаланушының жасын тексеру шараларын қабылдауға міндеттеледі. Дегенмен бұл шектеулердің қандай сервистерге қатысы жоқ екенін министр нақтылап өтті:
«Бұл ретте тыйым тұлғааралық қарым-қатынас жасауға, ата-аналармен және мұғалімдермен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды», – деді министр.
Сонымен қатар жаңа нормаларға сәйкес, уәкілетті органға бес мыңнан астам жазылушы аудиториясы бар онлайн-платформалардың пайдаланушылар тізілімін жүргізу құзыреті беріледі. Ал білім беру курстары немесе белгілі бір саладағы оқыту материалы бар контентті тарату кезінде авторлар диплом немесе сертификатпен расталған тиісті білімі туралы мәліметтерді көрсетуге міндетті болады. Бұдан бөлек, заңнамаға «оккульттік қызметтер» ұғымы енгізіліп отыр. Табиғаттан тыс, паранормалды немесе ғылыми тұрғыдан расталмаған қабілеттер туралы мәлімдемелерге негізделген мұндай қызметтер жөніндегі контент оның ойын-сауықтық сипаты мен ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағаны туралы арнайы ескертумен сүйемелденуге тиіс.
Қабылданған түзетулер аясында заңсыз контент таратқан немесе уәкілетті органның оны жою туралы нұсқамаларын орындамаған онлайн-платформалардың өкілдіктеріне әкімшілік жауаптылық қолданылады. Бұған қоса, бұл өкілдіктер Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен міндетті түрде есептік тіркеуден өтуге тиіс, ал масс-медиа мен онлайн-платформаларда бейәдеп сөздерді қолданғаны үшін жауапкершілік енгізіледі.
Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін жетілдіру бағытында да бірқатар талаптар қарастырылған. Атап айтқанда, БАҚ өкілдеріне мемлекеттік органдардың ресми жауаптарын міндетті түрде арнайы таңбалау міндеті жүктеледі. Ал теле- және радиоарналар еркін қол жеткізілетін тізбеге енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде хабар тарата бастауға міндеттеледі. Оған қоса, заңнамаға «аудиовизуалды платформа» ұғымы енгізіліп, оның операторлары атқаратын қызметтің тәртібі нақты айқындалатын болады.