Сот «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) басшысы Елжас Отыншиевті қамауға алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) Tengrinews.kz сауалына берген жауабында мәлімдеді.
«12 қарашада аталған тұлғалар жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен уақытша ұстау изоляторына қамалды. 14 қарашада тергеу сотының санкциясымен оларға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр», - делінген ҰҚК жауабында.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Елжас Отыншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын ресми түрде растады.
Ресми мәлімет бойынша істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҰҚК соталды тергеу барысы туралы басқа ақпаратты бұған дейін хабарламаған болатын.