Елімізде азаматтардың құқықтарын дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, цифрлық ортада да қорғау тетіктері күшейтіліп, жеке өмірге қол сұғуға қамтамасыз ететін жаңа талаптар енгізілмек, деп хабарлайды Alash.kz.
Құрылтай отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев бұл өзгерістер азаматтардың жеке және отбасылық өміріне қатысты ақпараттарды қорғау нормаларын айқындауға бағытталғанын жеткізді. Министрдің мәлімдеуінше, заңнамада адамның қоғамдық немесе қызметтік міндеттеріне еш қатысы жоқ дербес деректер мен бейнематериалдардың аражігі нақты ажыратылады:
«Сонымен қатар адамның жеке және отбасылық өміріне қатысты мәліметтер мен бейнелер оның қызметтік ісіне жатпайтыны тікелей бекітіледі», – деді министр.
Сонымен бірге интернет кеңістігінде ашық түрде жарияланған фотосуреттер мен бейнежазбаларды бөгде тұлғалардың кәдеге жарату тәртібі де қайта қаралуда. Егер бейне иесі өз материалдарын таратуға алдын ала шектеу қоймаса ғана оларды қолдануға рұқсат берілуі ықтимал, ал тыйым салынған жағдайда мұндай әрекеттерге тосқауыл қойылады. Бұл жөнінде ведомство басшысы нақты түсініктеме берді:
«Бұдан бөлек, адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға қатысты жағдайлар нақтыланады. Ашық дереккөздерден алынған адамдардың фото, видеобейнелерін олардың келісімінсіз пайдалануға тек адамның өзі оларды одан әрі пайдалануға тыйым салмаған жағдайда ғана жол берілетін болады», – деді Арман Қырықбаев.