Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-дағы жемқорлық ісі: Қылмысқа қатысты тағы үш басшының есімі анықталды

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-дағы жемқорлық ісі: Қылмысқа қатысты тағы үш басшының есімі анықталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) «Қазақстан темір жолы» (ҚТЖ) ұлттық компаниясы мен «Самұрық-Қазына» қорының тағы үш лауазымды тұлғасының ұсталғаны жөніндегі ақпаратқа байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын ресми түрде растады, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұған дейін, 12 қарашада Нұрлан Жақыпов пен Елжас Отыншиевтен бөлек өзге де басшылардың құрықталғаны белгілі болған еді. Дереккөз мәліметінше, құқық қорғау органдары 10 қараша күні қылмыс жасады деген күдікпен үш топ-менеджерді ұстаған. Олардың қатарында ҚТЖ басқарушы директоры әрі «Тасымалдау процесі дирекциясы» филиалының директоры Владимир Петров, «Самұрық-Қазына» қорының Сатып алу әдіснамасы, бақылау және мониторинг департаментінің директоры Азамат Сембай және «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары Қайрат Қабылов бар.

Осы деректерді нақтылау үшін жолданған ресми сауалға ҰҚК бөлімше бастығы Олжас Бектенов қол қойған жауапта тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер құпия сақталатыны айтылған:

«Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті сұрауыңызды қарастырды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК жауабында.

Еске сала кетейік, бұған дейін ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевтің, сондай-ақ басқа да адамдардың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын. Ал 14 қараша күні сот аталған екі басшыны қамауға алуға санкция берді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар