Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Зейнетақы, жалақы және ЖИ бақылауы»: Асхат Аймағамбетов маңызды шешімдерді түсіндірді

«Зейнетақы, жалақы және ЖИ бақылауы»: Асхат Аймағамбетов маңызды шешімдерді түсіндірді

Құрылтай депутаты, бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов парламент отырысында Конституциялық Соттың баяндамасы тыңдалғанын хабарлап, аталған институттың ел азаматтарының құқығын қорғаудағы нақты нәтижелеріне тоқталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Депутаттың мәліметінше, Мемлекет басшысының бастамасымен қайта құрылған Конституциялық Сотқа 2023 жылдан бері 18 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Соның негізінде 91 қаулы қабылданып, бүгінде олардың 70 пайызы заңнамалық деңгейде іске асырылған. Аймағамбетов бұл шешімдердің азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер еткенін атап өтті:

 «Құрылтайда Конституциялық Соттың баяндамасын тыңдадық. Мемлекет басшысының бастамасымен қайта құрылған бұл институт нақты нәтиже беріп жатыр. 2023 жылдан бері оларға 18 мыңнан астам өтініш түсіп, 91 қаулы қабылданған. Оның 70 пайызы қазірдің өзінде іске асты. Ең бастысы - бұл шешімдердің адамдардың өміріне тигізген нақты әсері. Мысалы, енді азаматтың зейнетақы алу құқығын оның қай жерде тіркеуде тұрғанына қарап шектеуге болмайды. Жалақысын ала алмаған жұмыскерлердің де өз ақшасын өндіріп алуына жалпы үш жылдық мерзім берілуі мүмкін екені нақтыланды. Тағы бір мысал - баланың ата-анасымен араласу құқығы ақшаға тәуелді болмауы тиіс. Депутаттар ретінде біз де осы шешімдерді іске асырып, заңдарға тиісті түзетулер енгіздік», – деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар Құрылтай депутаты баяндамадағы жасанды интеллект пен адам құқығы арасындағы тепе-теңдік мәселесіне ерекше назар аударды. Ол технологиялық даму кезінде алгоритмдік шешімдерге тірі адамның бақылауы сақталуы шарт екенін және президенттік реформаның арқасында қарапайым азаматтың бір өтініші тұтас заңды өзгертуге негіз бола алатынын жеткізді:

«Баяндамада менің назарымды ерекше аударғаны - жасанды интеллект пен адам құқығы мәселесі. Сот өте дұрыс ұстаным айтты: егер алгоритмнің шешімі адамның құқығына әсер етсе, оған шағымдануға және оны тірі адамның қайта қарауына толық мүмкіндік болуы шарт. Технология қанша дамыса да, адам тағдырына қатысты жауапкершілікті машинаға іле салуға болмайды. Жасанды интеллект өмірді жеңілдетуі керек, бірақ құқықты шектейтін құралға айналмауы тиіс. Президент реформасының басты жемісі де осы - қазір қарапайым азаматтың бір ғана өтініші тұтас заңды қайта қарап, әділетсіз норманы өзгертуге негіз бола алады», – деп түйіндеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар