Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жағадан небәрі 10 метр жерде жатқан»: Қарағанды облысында өзеннен 3 зейнеткердің мәйіті табылды

«Жағадан небәрі 10 метр жерде жатқан»: Қарағанды облысында өзеннен 3 зейнеткердің мәйіті табылды

Қарағанды облысында балық аулауға шығып, мұз астына түсіп кеткен үш адамның, оның ішінде бір әйелдің денесі түнгі іздестіру жұмыстары кезінде өзеннен табылды, деп хабарлайды Alash.kz.

17 қараша күні таңғы сағат 06:00 шамасында 1959 және 1963 жылы туған екі ер адам мен 1963 жылы туған әйел Бородиновка ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым қашықтықта орналасқан өзенге балық аулауға аттанған. Алайда олар белгіленген уақытта үйлеріне оралмаған соң, туыстары сол күні сағат 23:40-та төтенше жағдайлар қызметіне хабар берген.

Құтқарушылар дереу іздестіру-құтқару операциясына кіріскенімен, түн қараңғылығы жұмыс барысына бірқатар қиындық туғызды. Іздеу шараларына ұшқышсыз ұшу аппараты, тепловизоры бар дүрбі, сүңгуір жабдықтары және Starlink спутниктік байланыс жүйесі жұмылдырылды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті марқұмдардың денесі қай жерден табылғанын нақтылады:

«18 қарашада сағат 01:18-де, хабар түскеннен кейін 1 сағат 38 минут өткен соң, құтқарушылар үш адамның денесін судан алып шықты. Олар жағадан 10 метр қашықтықта, 2,5 метр тереңдікте жатқан», – делінген ТЖД хабарламасында.

Алдын ала болжам бойынша, балықшылар жұқа мұз астына түсіп кетіп, суға батып кеткен, сондай-ақ марқұмдардың үстінде құтқару кеудешелері болмағаны анықталды. Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы тексеріліп жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар