Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Шымкентте бензовоз аударылып, жүргізушісі тірідей өртеніп кетті (ВИДЕО)

Шымкентте бензовоз аударылып, жүргізушісі тірідей өртеніп кетті (ВИДЕО)

2026 жылғы 18 қарашада Шымкент қаласындағы Ташкент тасжолында ауыр жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жанармай тасымалдайтын жүк көлігі аударылып, артынша отқа оранған. Қайғылы жағдай салдарынан жүргізуші мерт болды, деп хабарлайды Alash.KZ.

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне апат туралы хабарлама сағат 15:58-де келіп түскен. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер бензовоздың кабинасы мен жол бетіне төгілген жанармайдың жанып жатқанын анықтаған.

Өртті ауыздықтау үшін құтқарушылар жедел түрде жұмыс жүргізіп, жалынды 60 шаршы метр аумақта толық сөндірді. Өрт сөндіру жұмыстары барысында көлік кабинасынан ер адамның денесі табылған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол – бензовоздың жүргізушісі.

Оқиғаның Тұран ауданында болғаны нақтыланды. Өрттің қауіптілігіне байланысты құтқару бөлімшелері жоғары шақырту дәрежесімен жұмылдырылған. Дегенмен жалынның одан әрі таралуына жол берілмей, өрт толықтай жойылды.

Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері адам өліміне әкеп соққан жол апатының себептерін, бензовоздың неліктен аударылғанын және оқиғаның өзге де мән-жайларын анықтап жатыр. Әзірге апатқа қатысты қосымша ресми ақпарат жарияланған жоқ. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар