Туризм және спорт министрлігі спортшы Тоқсанбаеваның талапқа сай келмейтін кроссовкасына қатысты туындаған дауға кінәлі тұлғалардың есімін жария етуге уәде берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Министр Ербол Мырзабосынов бұл оқиғада қателік кеткенін ресми түрде мойындап, барлық спорттық ұйымдар тарапынан салғырттық болғанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жауапкершіліктен ешкім тыс қалмайды және арбитраждық соттың шешімінен кейін кінәлілерге нақты жаза қолданылады:
«Спорт комитетінен, Олимпиада комитеті мен Федерациядан, спортшының бас бапкері мен жеке жаттықтырушысынан бастап, спортшының өзіне дейін олқылық жіберген. Арбитраждық соттан кейін біз кінәлілерді нақты жазалайтын боламыз», – деді Ербол Мырзабосынов.
Сонымен қатар ведомство басшысы осы жағдайға жол берген әрбір бапкер мен әрбір менеджердің тиісті жазасын алатынын баса айтты.