Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жыртып тастады»: Алтынбек Қоразбаев Асанәлі Әшімов туралы ел естімеген естелігін айтты (ВИДЕО)

«Жыртып тастады»: Алтынбек Қоразбаев Асанәлі Әшімов туралы ел естімеген естелігін айтты (ВИДЕО)

Белгілі композитор, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев марқұм Асанәлі Әшімовпен арадағы ерекше бауырмалдық сыйластығы туралы айтып, көпшілік біле бермейтін 36 жыл бұрынғы оқиғаны еске алды, деп хабарлайды Alash.kz.

Сазгердің сөзінше, екеуі ұзақ жылдар бойы жай ғана әріптес емес, бір-бірін жақын туыстарындай сыйлап араласқан, ал Асанәлі Әшімов оны өз бауырындай көріп, үнемі қамқорлық танытып, ерекше еркелетіп отырған. Композитордың айтуынша, сол жылдары ол жаңа көлік сатып алып, Жамбыл нөмірімен жүрген. Бір күні Асанәлі Әшімов оның жаңа темір тұлпарын көріп, қуанышына ортақтасып, екеуі дастарқан басында ұзақ әңгіме-дүкен құрған. Сол отырыста Алтынбек Қоразбаев ертеңіне ұшақпен жолға шығатынын жеткізгенімен, өнердегі ағасы оның жоспарын бір сәтте өзгертіп жіберген:

«Ертең ұшамын деп едім, билетімді жыртып тастады да: «Ертең машинамен барамыз», – деді. Солай мені еркелететін», – деп еске алды композитор.

Сонымен қатар сұхбат барысында Алтынбек Қоразбаев Асанәлі Әшімовке арнап арнайы жазған «Жан балам» әнінің шығу тарихына да тоқталды. Сазгер бұл туындыны үш жыл бойы дайындаған, алайда оны жазып шығудан да маңыздысы — әнді бұған дейін әнші ретінде көпшілік алдына шықпаған актердің өзіне орындату болған:

«Менің бақытым – ол әнді өзіне айтқызғаным. Аға еш уақытта ән айтып сахнаға шықпаған», – деді Алтынбек Қоразбаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Алтынбек Қоразбаев «Мәңгілік махаббат» әнінің жазылу тарихына қатысты тың деректермен бөліскен болатын.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
  • 0
Жарнама
Соңғы жаңалықтар